Мейрамбек ұйымдастырған көкпарда жүрген әйелдер сынға қалды

Елге танымал әнші Мейрамбек Беспаев туған жері Таразда көкпар тойын ұйымдастырды.

Бұл додаға өнер жұлдыздарымен қатар белгілі шабандоздар қатысты. Десе де көкпар алаңында жүрген әйелдер халық сынына қалды. Себебі, ел арасында әйелдердің көкпарға баруы жаман ырымға баланады.

Мейрамбек Беспаевтың өзі жеке парақшасына жазба жариялап, көкпарды ұйымдастыруға мұрындық болған жандарға алғыс айтты. Жүлде қоры 25 миллион теңгеге жуықтаған көрінеді.

Мен үшін боладысы да ,болғаны да қызық болған көкпарда аяғына жетті. Уақыт тауып келген, көрген, қатысқан,тілекшім болып қасымнан табылған жандардың пікірін естіп, көңіл жайланып жатқан жайы бар. Ең алдымен алғыстың үлкені өздеріңізге. Шу дегеннен салым қазанын толтырып тастап,одан қалса бар қонағымды күтіп, көкпар дейтін аламанның шып-шырғасын шығармай еңбек қылған тілеулестерімнің аты-жөні осы бетке сыймай қалғалы тұр. Сол үшін баршаңызға түгел басымды идім. Осы жолы көкпардың қаншалықты мазмұнды-мағыналы екенін және бұл дәстүрдің қалтарыс-бұлтарысын сезініп толқығаным рас. Ат баптаушы мен палуанның сырт көзге көріне бермейтін шексіз бейнетіне куә болдым. Тарқата берсең таусылмайтын сан тарау машақат не үшін керек болды дейсің?. Айналып келгенде дәстүрін құрметтеген,ата жолынан айнымайтын,қаракерін қамшылап, айбозымен арқаланып додаға тартқан азаматтардың өлшеусіз еңбегіне сүйінесің. Сол үшін тұлпар ұстап, палуан баптаған ағайынға мың алғыс, – деп жазды әнші.

Алайда халық көкпарға барған әйелдерді сынады. Желі қолданушылары, “Әйелдер көкпарға барушы ма еді, ол жаман ырым”, “Шілдехана, қырқынан шығаруға ер адамдар бармайтыны секілді көкпарға да әйелдер шақырылмаған” деген пікір қалдырды.