«Мола аралау әдетімде жоқ»: Бекболат Тілеухан ата-баба әруағына сиыну күнә екенін айтты

Экс-депутат Бекболат Тілеухан мола аралау әдетімде жоқ екенін айтып, ата-баба әруағына сыйыну күнә екенін жеткізді. Бұл туралы «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында айтты.

Журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың, Ыстамбұлда жүргенде қазақ таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің басына барып, құран оқып, зиярат еттіңіз бе деген сауалына экс-депутат өз жауабын берді.

«Жоқ зиярат етпедім. Баяғыда қай жақта жатқанын, моласын көргенім бар. Мола аралау деген нәрсе әдетімде жоқ. Құран бағыштаймын. Құран бағыштаған кезде ең бірінші сауабын әке-шешеме тілеймін. Мен тек моланың басында емес, күніге таң намазынан кейін құран бағыштаймын», – деді Бекболат Тілеухан.

Ата-бабаның әруағына сиынған дұрыс па деген сауалға оның діннен шығу екенін жеткізді.

«Астағфирулла дұрыс емес. Алладан басқа ешкімге сиынуға болмайды. Әруақты сыйлау міндет. Әруақ тарих. Әруақ менің әкем, атам. Өмірден өтті, бізге істейтінін істеді, мирасын қалдырды. Оларға құран оқып, сауабын бағыштау міндетім деп есептеймін. Бірақ оларға Құдайдың сипатын беріп, әруаққа сиыну – күнә, діннен шығу. Негізгі діннің шартына қайшылық.

Әруақ деген тарихи тұлға. Тарихи тұлғаға соңғы 30 жылда талай қызмет еткен адам бар. Солардың ішінде ең жақсы қызмет еткен мен. Неге десең. Себебі маған дейін Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Дулат Бабатайұлы мұраларын ұрпаққа жеткізген адам болған жоқ. Олардың сөздерін ұрпаққа жеткізген мен пақыр. Олардың жырларын халықтың құлағына жеткіздім. Бірақ оларға сиынған жоқпын. Құдайдан басқа біреуге сиынуға болмайды», – деді Бекболат Тілеухан.