«Күлетін көңіл-күй жоқ»: Халық Димаштың ата-анасына пранк жасағандарды сөгіп тастады

Қазақ эстрадасының жұлдызды жұбы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат пен Света Айтбаевтарға пранк жасап, сынға ұшырады. Бейнежазбаны жұлдызды дуэт Мирас пен Құралай Instagram парақшасына жүктеді.

Жұлдызды жұп “Сағындырған әндер-ай” кешінен кейін өнердегі әріптестері Мирас пен Құралайдың шаңырағына қонаққа барған. Олар сол жерде “тосынсыйға” тап болады.

“Қанат пен Светаға айтпай, ақтөбелік бір топ достарымызды алдырттық. Көптен бері осылай бас қосып, арқа-жарқа болмап едік. Жастардың тілімен айтқанда пранк жасағымыз келді”, – дейді идея ұсынған Мирас Бекжанов.

Видеодан қос жұптың өнердегі әріптестері де бой көрсеткен. Атап айтсақ, Асхат Маемиров, Медет Салықов, Бота мен Ғаниды да көруге болады.

“Сендер менің энергияма таңғаласыңдар, Қанаттікі менікінен де күшті. Түнгі сағат екі болса да ортаны бермей билеп жүр”, – дейді шаңырақ иесі.

Видеоны көрген жұрт пікірі екіге жарылды. Бірі “достықтарың шынайы болсын”, “Қанат пен Света өте қарапайым”, “Қанат ағамыз күшті билейді екен” деп таңдай қақса, екінші тарап “Еліміздегі қайғылы жағдай болып жатса билеп жүргені несі?!” деп жақтырмай қалды.