Қазақстан неге Газа секторындағы азаматтарын шығара алмай отыр – СІМ жауабы

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Газа секторындағы Қазақстан азаматтарын шығару үшін келіссөз жүріп жатқанын айтты. 

СІМ өкілінің айтуынша, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі Газа секторындағы қазақстандықтармен тұрақты байланысып отыр. Осы аумақтан азаматтарымызды аман-есен шығарып алу үшін Мысыр үкіметімен де және басқа да ресми тұлғалармен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз.

Қазір 45 мемлекет өз азаматтарын шығарып алуға талпынып жатыр. Әзірше бірде-бір шетел азаматы Газа секторынан шыға алмады. Сондықтан жұмыс жалғасып жатыр, — деді Қайрат Омаров Сенаттың жалпы отырысынан соң. Министрдің бірінші орынбасары бүгінде Газа секторындағы халыққа гуманитарлық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Ондағы жағдай өте күрделі. Қақтығыс аумағында еліміздің нақты неше азаматы қалғаны туралы мәліметті анықтап жатырмыз. Байланысқа шықпай жатқандары да бар. Сондай-ақ бұған дейін аты аталмаған басқа адамдар да анықталып отыр. Сондықтан қазір нақты адам санын айту мүмкін емес. Өткізу бекеті ашылып, азаматтарды шығарып алсақ, олардың азаматтығын анықтаймыз», — деді ведомство өкілі. Айта кетейік, бұған дейін СІМ Газа секторында Қазақстанның 67 азаматы барын хабарлаған.