«Продюсерім болуды ұсындым»: Әнші Баян Нұрмышева өзінен үш жас кіші күйеуімен қалай табысқанын айтты

Елімізге танымал жұлдызды жұп Ерлан Орынбасаров пен Баян Нұрмышева “1001 түн” бағдарламасына берген сұхбатында әріптестік махаббатқа ұласады деп ойламағанын айтты.

“Біз әріптес ретінде таныстық. Сахнаның артында жолыққанда, екеуіміз сөйлесіп қала беретінбіз. Ерлан «Баян, мынадай клип түсіру керек. Образыңды осылай жасау керек» деп айтатын. Гастрольдік сапарға барсақ, «Баян, бос жатпай, телеарна мен радиоға әнімізді берейік» деп, жанына ертіп жүретін. Енді, бізге жанашыр адам ыстық болып көрінеді ғой. Бірақ, ол кезде сезімге ұласады деп ойламадым. Ол маған осындай кеңес айтқаннан кейін, өзім «Маған продюсер бол» деп қолқа салдым”, – дейді Баян Нұрмышева.

Алайда Ерлан Орынбасаров әріптесінің бұл ұсынысынан бас тартқан.

“Алғашында жауапкершілік үлкен ғой. Баянды халық қандай жақсы әнші екенін біледі. Сәл жүрексіндім. Бірақ екеуіміз соңғы кезесулердің бірінде материалдарын, түсірген бейнебаяндарын көрсетті. Сонда мен: “Ренжімеші, Баян. Бірақ маған мүлде ұнаған жоқ. Сен жұмсаған шығын мен жасалған дүние сәйкес келмейді” дедім. Өнер әлемінің арғы жағында шоу-бизнес жатыр. Студия, бейнебаян, режиссердің жалақысы, дыбыс режиссерінің жұмысы бар. Сол кезде Баянға: “Маған ешқандай қаражат керек емес. Сен тек мен айтқан жерге барсаң, айтқан тапсырманы орындасаң осының барлығын жайлап жасаймыз” деп ұсыныс тастадым”, – дейді Ерлан Орынбасаров.

Оның айтуынша, шаңырақ көтерген соң Баян сахнаға шығудан бас тартып, үй шаруасымен айналысқысы келген.

“Екеуіміз үйленген соң Баян “ән айтпаймын, үйде отыра берейін” деп шықты. Бірақ “Ертең халық менен сені сұрағанда мен не деп жауап беремін” дедім. Әркімде әр түрлі ой тууы мүмкін. “Ерлан үйде отырғызып қойды, ән айтқызбай қойды” деуі мүмкін. Содан олай болмайтынын түсіндіріп, екеуіміз бірақ гастрольдік сапарға шықтық”, – дейді өнер иесі.