Базар жастары жүлделі болды

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында базар жастары арасында баскетболдан чемпионат өтті. Атаулы жарысқа: «Саламат», «Алтын орда», «Арасан», «Жібек жолы», «Арыстан», «Арғымақ», «Жетісу», Кенжехан, Арлан «Қырғауылды» және тағы басқа базар жастары қатысты.

Айта кетейік, «Social project management» орталығы» қоғамдық қоры бұл жобаны мамыр айынан бастап өткізіп келеді. Содан бері футболдан, үстел теннисінен, киберспорттан спорт жарыстары ұйымдастырылып, жеңімпаздар медаль, кубоктармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталып келеді.

Жоба жетекшісі Саламат Сағындықовтың айтуынша жобаға NEET санатындағы жастар қамтылып жатыр. «NEET санатындағы жастармен жұмыстың әдістемелері әр аймақта ерекшеліктеріне байланысты болады. Алматы ірі мегополис болғандықтан, мұнда үлкен базарлар көп. Ол жерде мыңдаған жас жұмыс істеп жатыр. Біз олардың басын қосып, дүйсенбі сайын өтетін додаларға тартып жүрміз. Себебі сауда орталықтары дүйсенбі күні демалады. Сәйкесінше онда жұмыс істейтін жастарды осы күні жарысқа қатысуға да мүмкіндігі болады» дейді ол.

Баскетбол чемпионаты екі күнге созылды. Алғашқы күні іріктеу ойындары өтсе, екінші күні күні жарыс жартылай финалға шыққан командалар арасында өтті. Ойынға «Setanta sport» телеарнасының журналисі Руслан Бақытжан коментаторлық етті.

Жарыс қорытындысы бойынша 1 орын – 150 000 теңгені «Жетісу» базары иемденсе, 2 орын – 100 000 теңгені «Жібек жолы» жастары алды, 3 орынды «Барыс» базары қанжығасына байлап, 50 мың теңге олжалады. Жеңімпаздарды спорт ардагері Серік Смағұлов марапаттады.

«Дүйсенбілік спорт» жобасы бойынша келесі жарыс воллейболдан өтеді. Оған да базарларда жұмыс істейтін NEET санатындағы жастар қатысады.