«Рухтан» студенттік-волонтерлік клубы

Маңғыстау туризм колледжінде 2019 жылдан бастап «Рухтан» қоғамдық қоры жұмыс істейді. Негізгі мақсаты – волонтерлік бастамашыл топтардың жұмысын жетілдіру, студенттерді еріктілер қатарына қосу.

Аталған клуб көбінесе колледжішілік шараларды ұйымдастырады. Клуб жетекшісі Гүлнұр Жексенбайқызының айтуынша, қазір қор қатарында 20 студент бар. Колледжде өтетін шаралармен қатар қайырымдылық шараларын жасайды. Әкімшіліктен келген байқау, жобаларды іске асыруға атсалысады.

«Былтыр «Гаджетсіз интернет» атты бұрышымыз ашылды. Ал 2022 жылдан бастап Хакатон жобасы жұмыс істеп келе жатыр. Сонымен қатар зейнеткерлерге мобильді қосымшаларды қолданудың тиімділігін түсіндіріп, оны қолдану жолдарын үйреттік. Содан кейін еріктілер және психологтың қатысуымен психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Жастарға арналған жобалар мен курстарды тұрақты түрде жүргізуге тырысамыз. Қазірдің өзінде студенттерге арналған француз тілінен үйірме, актерлік шеберлік және ораторлық курстар бар», — дейді студенттік клубтың жетекшісі Гүлнұр Жексенбайқызы.

Алдағы уақытта аталған студенттік-волонтерлік ұйым облыстық деңгейдегі қарттар үйімен жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Сол арқылы жастарды еңбек етуге және мейірімге толы қоғам құруға шақырмақ.