СІМ шетелге шығатын туристерге: Мемлекет әрқашан қолдарыңыздан ұстап жүре алмайды

Сыртқы істер министрлігі шетелге турист ретінде баратын отандастарымызды қауіпсіздік іс-шараларын сақтауға шақырды, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Ведомствода өткен брифингіде БАҚ өкілдері министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтан Түркияның Алания қаласында жол апатынан қайтыс болған бір отбасының 3 мүшесіне қатысты соңғы мәліметті сұраған еді.

«Ол отбасы мүшелерінің мүрделері Қазақстанға жеткізілді. Әрине, қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Екі көлік соғысқан, жүргізушілері тергелуде. Адвокаттар бар. Консулымыз олардың туған-туыстарымен, Түркияның жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Азаматтарымыз Түркияда демалып жатса, қандай да бір экскурсияға не басқа жерге баратын болса, өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Олардың жанында мемлекет әрқашан қолдарынан ұстап жүре алмайды», — деді Айбек Смадияров.

Оның атап өтуінше, Сыртқы істер министрлігі аталған отбасы мүшелерінің мүрделерін елге жеткізу үшін жан-жақты көмек көрсеткен.