Орманда фото түсірмек болып ағашқа шыққан адам құлады

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы орманды әдемі фотоға түсірмек болған турист биік ағашқа өрмелеп шыққан. Алайда аяғы тайып құлап кетіп, ауыр жарақат алған оған көмектесу үшін құтқарушылар мен жәдел жәрдем қызметкерлеріне 30 шақырымды еңсеруге тура келді, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бір топ жігіт Риддер қаласындағы орманға қыдырып барған. Ер адамдардың бірі әдемі көріністі фотосуретке түсірмек болып, биік ағашқа өрмелеп шығады.

Алайда кенет аяғы тайып кетіп, құлап түскен ол ауыр жарақат алған. Достары бірден сол жерге жедел жәрдем мен құтқарушыларды шақырды.

«Зардап шеккен адамға жету үшін №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары мен дәрігерлерге 30 шақырымдық жолды еңсеруге тура келді. Жеткен бойда медицина қызметкерлері 1981 жылы туған ер адамға алғашқы көмек көрсетті», — делінген ақпаратта.

Содан кейін құтқарушылар оны таудан жедел жәрдем көлігіне дейін зембілмен тасымалдады. Қазіргі уақытта жарақат алған адам медициналық мекемеге жатқызылды.