“Қазақстан халқына” ақша аудару ойымда да жоқ — МАРҒҰЛАН СЕЙСЕНБАЙ

Танымал бизнесмен Марғұлан Сейсембай “Қазақстан халқына” қорына ақша аудару ойында да жоқ екенін мәлімдеді, Бұл туралы Өзгеріс.инфо порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұрынғы биліктің тұсында байымағанын айтқан Сейсембайдың сөзінше, “үкімет көмек көрсетудің орнына бүкіл байлығымды тартып алды” дейді. Бұған қоса ол қор ақша аудармай-ақ халыққа жәрдемдесіп жүргенін алға тартты. 

«Бұл қорға ақша аудару ойымда жоқ, өйткені бұрынғы биліктің тұсында байығаным шамалы. Керісінше, бұрынғы үкімет менің бүкіл байлығымды тартып алды. Ал өзімнің халқыма зекет, садақа, қайырымдылық пен білім жүйесі арқылы жеке көмектесемін», –  дейді кәсіпкер.

Марғұлан Сейсембай «Қазақстан халқына» қорының түпкі мақсаты мүлдем басқа екенін айтады.

«Менің ойымша, бұл қор бай-бағландардың бұрынғы билік тұсында жинаған байлықты халық алдында заңдастырудың бір жолы үшін ғана құрылған», –  деп түсіндірді ол.

“Қор экономикалық мәселелерді тиімді шешуге көмектесе ме?” деген сұраққа кәсіпкердің жауабы мынадай болды.

«Қор қаншалықты үлкен болса да, ол қазіргі қоғамдағы мәселелердің жарты бөлігін ғана шешуге көмектеседі. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттің өзі шеше алмаған мәселелерден халықты ешқандай қор құтқара алмайды. Мұндай түбі тесік қорларды құрудың орнына, мемлекет пен бюджетте тәртіпті қалпына келтіру маңызды. Ал мұның барлығы саяси реформалар жүргізілгенде ғана мүмкін болады. Басқа жол жоқ», – деп түйіндеді Сейсембай.