Алимент бойынша қарыз 17 млрд теңгеге жетті — Дания Еспаева

Gov.kz

2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде алимент өндіруге қатысты проблемалық істердің саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы жалпы қарыз көлемі 17 миллиард теңгеге жуықтаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дания Еспаева мәлімдеді деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі КазТаг порталына сілтеме жасай отырып.

«Алимент өндіруге қатысты әлеуметтік маңызы жоғары істерге ерекше назар аудару қажет. 2024 жылы осы саладағы күрделі істердің саны 12 мыңнан асып, балаларға төленбеген берешек көлемі шамамен 17 миллиард теңгені құрады», — деді депутат дүйсенбі күні өткен Үкімет сағатында. Шарада жекеменшік сот орындаушылар институтының дамуы мен оның мәселелері талқыланды.

Депутаттың айтуынша, алимент төлемеудің негізгі себептері — борышкерлердің тұрақты жұмысының және ресми табысының болмауы, сондай-ақ табыстарын жасыру әрекеттері.

«Соңғы екі жылда бұл мәселеге байланысты соттарға 17 мыңнан астам шағым түскен», — деп толықтырды Дания Еспаева.