Аида Балаева: «Елімізде 670 сағатқа сиятын мульт өнімдері қазақ тіліне аударылды»

Фото: inform.kz
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева фейсбуктегі парақшасында жазды деп хабарлайды «ozgeris.info».
«Былтыр әлемдік балалар арналарының өнімдерін қазақша сөйлету жобасын қолға алған едік. Нәтижесінде «TiJi» және «Nickelodeon» телеарналарымен ортақ келісімге келіп, бүгінге дейін екі арнаның 670 сағатқа сиятын мульт өнімдері қазақ тіліне аударылды. «TiJi» каналында мультфильмді мәзірдегі тіл таңдау арқылы қазақшаға ауыстыруға болса, «Nickelodeon» тек қазақ тілінде хабар тарататын HD сапада бөлек арна ашты.
Қазіргі интернет заманында ақпарат кеңістігінің шегі жоқ. Ғаламтордағы мультфильмдер балалардың тілін қалыптастыратын негізгі құралға айналып үлгерді. Қазір өзімнің де немерем бар. Сондықтан мен үшін бұл мәселе ата-ана ретінде де өте маңызды», — деп жазды ол.
Оның айтуынша,  жасалған дүниелердің пайдаға асуын қамтамасыз ету үшін ата-аналар балаларына бұл мультфильмдерді көрсетіп, бағыт беріп отыруы керек.
«Әрине, балаға бірінші кезекте анимацияның мазмұны қызықты. Мультфильм көру арқылы қай тілді болсын тез қабылдайды. Сондықтан бұл бүлдіршіндерге қазақ тілін үйретудің ең тиімді жолы болатынына сенімдімін. Осы орайда біз үлкендер балаларға қазақ тіліндегі мультөнімдердің бар екенін айтып, қосып көрсетуіміз қажет. Барлық ата-ананы осы игілікті іске, ұйымшылдыққа шақырамын! Барлығы өзімізге байланысты!», — деді А.Балаева.

«ozgeris.info»