Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Шетелдегі қазақстандықтардың білім беру көші-қоны және зияткерлік әлеуетін қолдану» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Жыл сайын шетелге кететін қазақстандықтардың саны артып келеді. 2012 жылдан бері Қазақстанда көші-қонның теріс айырмасы байқалады. Жыл сайын елден мыңдаған адам кетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2019 жылы елден 45 231 адам кеткен, көші-қонның теріс айырмасы 32 973 адамды құрады (2018 жылы – 29 109 адам). Елден кеткен азаматтардың басым бөлігін жастар құрайды. ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы Қазақстанның 89 292 азаматы 55 шет елдің университеттерінде оқиды (бұл Қазақстандағы студенттердің жалпы санының 13%-ын құрайды), оның ішінде Ресей Федерациясында 71 368 адам, Түркияда 2191 адам, Қырғызстанда 2083 адам, АҚШ-та 1792 адам және т.б. Бірқатар ғалым талантты қазақстандықтардың шетелде оқуын аяқтағаннан кейін қайтып келмеу және кету қаупі бар екенін айтады. Сонымен қатар Академия ғалымдарының жүргізген зерттеуі шетелдік жоғары оқу орындарының түлектері алған білімдері мен құзыреттерін Қазақстанда толық көлемде қолданбайтынын көрсетіп отыр. Түлектердің тек 21,7%-ы ғана Қазақстанда өздерінің зияткерлік әлеуетін іске асыра алған, бұл өз кезегінде қазақстандықтардың басқа елдерге қоныс аудару ниетіне әсер етеді. Мәселен, зерттеуге қатысушылардың 60,5%-ы басқа елге тұрақты тұру үшін көшіп кетуге дайын. Бұл үрдіс білім беру көші-қоны саласында әзірленген мемлекеттік саясаттың жоқ екенін көрсетеді. Сонымен қатар ғалымдар көші-қоннан болатын бастапқы жоғалтып алудан қорықпау керектігін де айтады, өйткені кейіннен бұл «жоғалту» артықшылықтарға айналуы әбден мүмкін. Бұл тұрғыда көші-қонның сыртқы әсерлерін дұрыс тану, сондай-ақ шетелдегі отандастарымыздың әлеуетін оңынан пайдалана білу маңызды.
Осыған байланысты, дөңгелек үстел аясында мемлекеттік органдардың білім беру көші-қоны саласындағы құзыреттерін қарастырылды, білім беру көші-қоны саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру, басқару және іске асыру бойынша бар проблемалық мәселелер анықталды. Сондай-ақ білім беру көші-қоны саласындағы процестерді мемлекеттік басқарудың қолданыстағы жүйесін жетілдірудің басым бағыттары айқындалды, шетелдегі қазақстандықтардың зияткерлік әлеуеті мен білім трансферін қолданудағы мүдделі тараптардың өзара іс-қимыл жасау стратегиялары мен алгоритмдерін талқыланды. Алдағы уақытта Қазақстан Республикасында шетелдік жоғары оқу орындары түлектерінің зияткерлік әлеуетін қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр.
Шараның мақсаты – білім беру көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және Қазақстан Республикасында шетелдік жоғары оқу орындары түлектерінің зияткерлік әлеуетін қолдану бойынша ұсынымдар әзірлеу. Конференция жұмысына мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар, зерттеушілер, оның ішінде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары мен докторанттары қатысты.
2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Білім беру көші-қоны саласындағы саясатты трансформациялау: шетелде жүрген қазақстандықтардың зияткерлік әлеуетін қолдану жөніндегі стратегияларды әзірлеу» жобасын іске асырып жатыр. Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру шеңберінде іске асырылып жатыр.
ПІКІР ЖАЗУ