Өзгеріс

Асыл текті қазақ халқыма айтарым, Алла тағаладан басқасының бәрі өзгерісте. Тыным да, тыныштық та жоқ. Күн мен түн, жаз бен қыс дегендей… бұл, сенің еркіңнен тыс шындық. Күн санап өзің де өзгеріп қаласың. Өзгергің келмесе де өзгеріс қалпына түсіп қаласың. Осыны бір мойындап қойған жөн. Биологиялық, физиологиялық табиғи өзгерістер.
​ Ал, түйсік, сезім және санадағы өзгерістер ше? Міне, бұл мәселе! Көзқарас-принциптері тұрақтыларды саясатта консерваторлар дейді. Болашаққа сәуегейшілдік жасаушылар ғылымда футурологтар атанған. От-жалын ұстап, жанталасып, елді де әбігерге түсірушілерді революционерлер деп атайды.
​ Не болса да сабыр сақтап байыптылық танытатындар – мұсылмандар.
​ Өзгеріс мазмұны бір сәт. Гете осы мәнді түсіндірмек болып, өмірін «Фауст» деген трагедия жазуға арнаған.
​ Әлемнің бір сәті керемет десе, әлемнің тоқтағаны Фаустың әзәзіл Мефистофельге тұтқын болғаны. Адам сәттің тұтқыны болса, шайтанға ерік бергені. Толассыз дүниенің өзгерісінің тоқтағаны. Періште бір сәтке қалғып кетсе, дүниенің астаң-кестең болғаны.
​ 2022 жылы бесінші қаңтарда «періште қалғып» кетті, дүрбелең басталды. Қырғын болды. Кім кінәлі? Періште ме, шайтан ба?
​ Анық білемін, кінәлілер «шайтанның шәкірттері». Бүлік соларға керек. Бүлік шайтан азығы. «Мұңлы шайтан – Құдайдың қуған жаны» Михаил Лермонтовтың өлеңін Абай осылай аударған. Екі ақынның ойлары бір жерден шыққан. Шайтан жер жүзіне пәле себуші. Қазіргі кезде адам-заттың адасып отырғанының себебі осы. Шайтан «күніне неше бүлік шығарса да еңбегі еш жанбаса да, жамандыққа бір тоймаған».
​ Бүлік идея иесі – шайтан, бүлікшілер оның шәкірттері. Бұлар қайдан пайда болды десек, ол Кеңес дәуірінде әбден өсіп-өнген. Атеизм – шайтан өрісі. Кейінгі отыз жылда «шайтанның шәкірттері» қоғамға кеулеп еніп алды.
​ Шайтан хакім Абай айтқандай, «Жамандыққа бір тоймаған».
​ Жамандық бар жерде шайтанның шәкірттері өріп сүреді. Жамандық оларға азық.
​ Халық шыдамды, әділеттілікті талап етті. Кедейлік сүйектеріне жетті. Әділеттілікті қажет ету періштелік еді, іске шайтан араласты, қан төгілді, жазықсыз жандар азап шекті. Қаңтарда болып өткен «Алматы оқиғасы» сүйекке таңба! Өзгеріс қайда қалды? Оны ойлаған кім болды?
​Әділетсіздік орын алды, ол өзгеріс емес, оның аталуы басқа… Ағайынға айтарым, сабыр, сабыр және сабыр!

Ғарифолла ЕСІМ,
академик, абайтанушы, жазушы.