ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының 2021 жылғы рейтингін қорытындылады.
Зерттеуді ҚР БҒМ тапсырысы бойынша «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы жүргізді. Рейтинг нәтижелері бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында белгілі болды.
Жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары үш блокқа біріктірілген 19 критерий бойынша бағаланды: түлектердің мансаптық болашағы, білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері.
Рейтинг-2021 қорытындысы бойынша: «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету» бағыты бойынша жетекші орынды С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ЖОО иеленді, ал Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы аутсайдерлер қатарында.
Заң саласы бойынша Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті дәстүрлі түрде көш бастап келеді.
«Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдыңғы орында тұр. Ал Шымкент қаласындағы А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, «Сырдария» университеті төменгі орында тұр.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыты бойынша ХАТУ, ал «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бойынша — М. Қозыбаев атындағы СҚУ алдыңғы орында тұр. «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» сияқты үш бағыт бойынша Торайғыров университеті көш бастап келеді.
Еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындары арасындағы жалпы рейтингте Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Торайғыров университеті, Қазақстан-Неміс университеті үздік атанды.
Бейінді ЖОО-лар арасында Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті үздік болды.
Сондай-ақ Қазақстан-Британ университеті, Нархоз университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, КИМЭП университеті сияқты жоғары оқу орындары алдыңғы қатарда тұр.
Келесі жоғары оқу орындары әдеттегідей аутсайдерлер қатарында: академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Орталық Азия инновациялық университеті, Сырдария университеті, Шымкент университеті.
ПІКІР ЖАЗУ