Бүгін Алматыда «Жоғары оқу орындарындағы стратегиялық менеджмент» семинарлар сериясының бірінші сессиясы өтті. Шараны Galym Project қоғамдық қорының ұйымдастырды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сессияға Қазақстанның бірқатар жоғарғы оқу орнының басшылары мен топ-менеджерлері қатысты. Кездесуге қатысқан КАЗГЮУ, Buketov university, Нархоз, Astana international university, Shokan school сияқты білім ордаларының басшылары жоғары оқу орындарының даму стратегиясы, бағыттары туралы ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Жиынның спикері әрі модераторы – Сулейман Демирель атындағы университеттің ғылыми даму жөніндегі проректоры, қауымдастырылған профессор Қайрат Молдашев.
Galym Project қоғамдық қорының директоры Ерден Шаймарданның айтуынша, мұндай шаралар елімізде жоғары білімді дамыту, ғылым саласына қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
«Бүгін жоспарланған семинарлар сериясының алғашқы сессиясы өтті. Жоғары оқу орындарының даму стратегиясының болуы, оны құру – қазіргі заманның талабы. Еліміздегі университеттердің көшбасшылары осы мәселеге жете көңіл бөліп, семинарға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдереміз. Galym project — қоғамда ғылымға деген қызығушылықты арттырып, ғылыми зерттеулерді қолдау мақсатында қоғамдық қор негізінде құрылған бірегей қазақстандық жоба.
Жобаның негізгі мақсаты — жоғары білімді дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайлы орта қалыптастыру, сол арқылы еліміздің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін көтеруге үлес қосу», – деді ол.
ПІКІР ЖАЗУ