«Жағдай сіз ойлағаннан да қиын»: Сарапшы елдің болашағына болжам жасады

Фото: Ozgeris.info

Алда қиын күндер туады. Бұл туралы мұнай бағасының төмендеуінен бюджетке салмақ түсетінін зерттеген қаржы маманы Алмас Чукин мәлімдеді. Оның айтуынша, дәл қазір өсімді емес, әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етудің жолын қарастыру маңыздырақ. Ozgeris.info тілшісі сарапшының пікірін саралап көрді.

Маманның айтуынша, экономикада кейде ақылға сыймайтын жағдайлар кездеседі. Мысалы, бір елдің президенті шетелден әкелінетін тауарларға салықты көтеріп, соның арқасында ел ішіндегі баға төмендейді деп сендіреді. Яғни, кеден салығы шетелдік жеткізушілерге арналған салық, ал ол ішкі нарыққа әсер етпейді дейді. Бұл шындыққа жанаспайтын түсінік, дейді ол.

Қазақстан үкіметі жаңа экономикалық бағдарлама ұсынды. Биліктің көздегені биыл және келесі жылдары экономикалық өсімді арттыру. Ол үшін нақты секторға қаржылай қолдау көбейтіледі. Атап айтқанда, 2025 жылы «Бәйтерек» холдингіне 1 трлн теңге бөлініп, бұл қаржы 8 трлн теңгелік жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Бұл өңдеуші өнеркәсіпке, жаңа өндіріс орындарына және жұмыс орындарын ашуға бағытталады.

Сонымен қатар, бизнеске арналған жаңа қаржыландыру құралдары енгізіледі. Шағын және орта бизнеске арналған екі кепілдік қоры құрылады. 2025 жылдың өзінде 30 мыңға жуық жобаға 1,7 трлн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі.

Яғни, экономикаға бюджеттен үлкен көлемде ақша құйылмақ. Сарапшының пікірінше, бір жағынан жақсы: кейбір кәсіпкерлер арзан несие алып, бизнесін дамытады. Бірақ мыңдаған басқа кәсіпкерлер коммерциялық банктерден жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр болады.

«Нәтижесінде нарықта теңсіздік тудындайды Мемлекеттік қолдауға ие болғандардың жолы болса, қалғандары жападан-жалғыз қиындықта қалады», — дейді маман.

Шын мәнінде үкімет пен Ұлттық банктің міндеттері әртүрлі дейді маман.  Мысалы, үкімет — экономиканың өсуіне, ал Ұлттық банк  бағаның тұрақтылығына және ұлттық валютаға жауапты.

«Екеуі бөлек жұмыс істесе де, мақсаттары бір. Халықтың әл-ауқатын көтеру. Сондықтан олар бір-бірін түсініп, бірге әрекет етуі керек», – дейді сарапшы.

Алайда қазір жағдай басқаша. Ұлттық банк инфляцияны төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені көтеріп, экономикадағы ақшаны азайтып, сұранысты тежеуге тырысуда. Үкімет болса, керісінше, ақшаны көбірек салып, экономиканы ынталандыруға күш салады.

«Нәтижесінде, экономика екі жаққа тартылған арқан секілді кейіпте қалады. Бір жағы тоқтап тұрса, екінші жағы алға жылжуда. Қарапайым тілмен айтқанда, науқасқа бір уақытта ұйықтататын және қуат беретін дәрі беру сияқты. Екі жақтан да нәтиже шықпайды. Себебі өсім де мардымсыз, несие де қымбат», — деп пікір білдірді маман.

Халық несиенің қымбат екенін айтып дабыл қағуда. Мұндай жағдайда қалай дамитындары да белгісіз. Сарапшы халықты қолдап отыр.

«Халықпен келісемін. Олар мемлекет бізге арзан несие берсін  деп талап етуде. Ал ол ақшаны қайдан алады? Әрине, бәріміздің бюджетке салатын ақшамыздан алады. Осы жерде әділетсіздік туындайды. Бәрімізден алынатын ақша біреуге тиіп, екіншісіне берілмейді», — дейді маман.

Сарапшы мәселенің шешімі ретінде ұсынысын да білдірді.

«Екі жылдай уақыт ешқандай ынталандыру жасамай, инфляцияны төмендетуге мүмкіндік беру керек. Сонда Ұлттық банк те мөлшерлемені түсіреді, ал арзан несие барлық кәсіпкерлерге тең қолжетімді болады. Кімнің мықты екенін нарық өзі анықтайды», — дейді сарапшы.

Алмас Чукин алда қиын уақыт туатынын айтты.

«Қазір мұнай бағасының төмендеуі бюджетке қалай әсер ететіні жайлы зерттеп жатырмын. ҚазірBrent бағасы – 66 доллар. Бұл  бюджетке 1,5 трлн теңге аз түседі дегенді білдіреді. Ал жалпы кіріс жоспары 15 трлн теңге екенін ескерсек, 10 пайызын жоғалттық. Менің ойымша, өсімді емес, әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етудің жолын іздеу керек сияқты», — деп аяқтады ойын сарапшы.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сай, әлемдік мұнай бағасы тағы да құлдырады. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 60 доллардан түсті. Ол 3.60 пайызға арзандап, барреліне 59,08 доллар болды. 3 мамырда ОПЕК-ке мүше экспорттаушы мемлекеттер маусымда мұнай өндірісін тәулігіне 411 000 баррелге дейін арттыру жоспары туралы мәлімдеген.

Ұсыныс артқанымен, мұнайға деген әлемдік сұраныс жоғары емес. Сауд Арабиясы мен Қытай сияқты елдердегі экономикалық белсенділіктің түскендіктен мұнай да аз тұтынылуда. Геосаяси жағдайдың ушығуы, Израильдің Иранға шүйлігуі, Мексикадағы тұрақсыздық мұнай нарығындағы баға белгісіздігіне де әсер етіп отыр.