Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйінде Қоғамдық келісім кеңесі өткізетін дәстүрлі конкурс өтті. Кеңес мүшелерінің бастамасымен байқау «Жаңа Қазақстан» деп аталды.
Конкурстық қазылар алқасының құрамында СҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары С. Сәбитов, Кеңес мүшесі, «Видергебурт» Солтүстік Қазақстан облыстық неміс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Э.Р. Ковзель, СҚО ҚХА ғылыми-сараптау тобының мүшесі Б. Базарбаев, сондай-ақ «Ардос-Жүрек» қоғамдық бірлестігінің өкілі Д. Бердібекова және «Golden Heart» қоғамдық бірлестігінің өкілі З. Тухватулина болды.
Өткен жылға қарағанда биыл байқауға қатысқан жобалар саны едәуір өсті. Өткен жылы идеялар конкурсына екі команда қатысса, 2022 жылы қорғауға 10 жоба жіберілді.
Конкурсқа қатысушылар – «М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жоғары медициналық колледжінің студенттері және өңірлік Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары.
Ұсынылған жобалардың тақырыбы да алуан түрлі. Жастарды Ассамблея жұмысына тарту жөніндегі идеялардан бастап шағын ауылдарды сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге дейін, қайырымдылықты ілгерілетуден бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұсыныстарға дейін болды.
Регламент бойынша әрбір жобаны қорғау үшін 7 минут көзделді, бірақ қазылар алқасы да, байқауға қатысушылар да қорғау және талқылау барысында бөлінген уақыт туралы ұмытып отырды.
Э. Ковзельдің айтуынша әлеуметтік және экологиялық мәселелерге назар аудару, жобалардың пысықталуы және оларды таныстыра білу, сондай-ақ оларды іске асыруға қызығушылық таныту қазіргі жастар өкілдерінің жоғары әлеуетін көрсетті.
Қазылар алқасы көп қатысушылардың жобаларын ерекше атады, ал жеңімпаздар үштігіне мыналар кірді:
- «Мекенім – Қазақстаным» жобасы – Смаилова Дариға («М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ).
- «Волонтерская деятельность как неотъемлемый компонент формирования личности студента-медика» жобасы – Галата Наталья (Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жоғары медициналық колледжі).
- «Жаңа Қазақстан және әлеуметтік проблемалар» жобасы – Нұрлан Әділ (Назарбаев Зияткерлік мектебі).
Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, қатысушыларға алғыс хаттар берілді.
ПІКІР ЖАЗУ