Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай студенттер айтысы өтті

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, «Топжарған»жас ақындар клубының жетекшісі, ақын Серікзат Дүйсенғазының ұйымдастыруымен «Ынтымақтың айналған бесігіне» атты республикалық студенттер айтысы өтті.

Жыр додасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтайдың 50 жасқа толу мерейтойына арналды.

Он бес жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін айтыс биыл Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі мен жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтті.

Айтысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда, Семей және Атырау қалаларынан 10 жас айтыскер ақын қатысты. Олар:  Абзал Мақаш, Ақбота Манарбекова, Айшолпан Тілеутай, Мейірбек Саламатов, Ерасыл Байментаев, Сағыныш Смет, Фариза Жетпісбаева, Жамбыл Бақытәліұлы, Алтынай Қанапия, Бергенбек Азатбек.

Айтысты оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов ашып, жастарға ақ жол тіледі. Ол мерейтой иесі, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтайдың кеудесіне оқу ордасының ең жоғары наградасы «Күлтегін» медалін тағып, иығына шапан жапты. Сонымен қатар, қазылар алқасының төрағасы, қазақ айтысының абызы, ақын Жүрсін Ерманды, қазылар алқасының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанды, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлын, айтыскер ақын Әсем Ережеқызын және айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазыны университеттің жиырма бес жылдық мерейтойына арнайы шығарылған алтын медальмен марапаттады. Биыл 70 жас мерейтойын атап өткен Жүрсін Ерманның иығына шапан жауып, студенттер қауымының атынан сый-сыяпат жасады.

Қазылар алқасының ортақ шешімімен І орынды (300 мың теңге) Абзал Мақаш жеңіп алса, ІІ орынды (200 мың теңге) Ақбота Манарбекова мен Мейірбек Саламатов иеленді. Ал ІІІ орынға (100 мың теңге) Ерасыл Байментаев, Сағыныш Смет және Фариза Жетпісбаеваларға бұйырды.

Сондай-ақ арнайы жүлделерге Айшолпан Тілеутай, Жамбыл Бақытәліұлы, Алтынай Қанапия, Бергенбек Азатбек ие болып, оларға диплом және елу мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.

 

Ұлбосын ТЫНЫШБАЙ.