Иманғали Тасмағамбетовтың жанайқайы қазақ қоғамының жүрегіне жетті. Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді деген. ОДКБ басшысы ретіде саясат үшін айтуға мәжбүр болған бірер сөзі үшін, талайдан бері оны әлеуметтік желіде талап жеп жатыр.
«Тасмағамбетов Украинаға қарсы ОДКБ-ны салады-мыс».
ОБКД төрағасы Иманғали Тасмағамбетов өзін «орысшыл», «ресейшіл» деп қаралаған қауымға тосын жауап қатты.
«Әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көріп тұр», — дейді саясаткер.
Десе де, әлемжелідегі алып-қашпа әңгімеге тежеу қоюға Тасмағамбетов дәрменсіз. Саясаткердің үнсіздігін өз қолайына пайдаланып, үндемеген сайын өсек-өтірікті өршіте түсетін қауымнан көңілі қалған екен.
«Азды-көпті абыройымды саудаға салмай, барша айып таққыштарға бір жауабын берейін. Біріншіден, мен көзімді тырнап ашқаннан санама қазақтың мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, қазақы тәлім-тәрбие алған азаматымын. Жақын мен жатты айыруды біліп өскендердің сапынанмын», — дейді Тасмағамбетов.
Тасмағамбетов сөй дей келе, өзін «ресейшіл» деп айыптайтын қауымға өкпе-ренішін жасырмай жеткізіпті.
«Кейбір бақытсыз жандар мені «ресейшіл», «орысшыл» деп қаралап жүр. Келіссөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған заманда, ОДКБ-ға туған елімнің атынан барып, мемлекеттің мүддесі үшін от пен суға түскенім үшін сатқын болғаным ба?.. Қадірімді білмегендердің арасында еңсемді түсіргім келмейді», — дейді саясаткер.
Осы тұста Тасмағамбетов заманында «орысшыл» деп айыпталған Абайды мысалға келтіріп, хәкімнің бір шумақ өлеңін оқып шыққан екен.
Айтуынша, Украина мен Ресейдің арасындағы қантөгісте жеңімпаз болмайды. Бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық. Ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаніпезерлік…
«Түсінем, тұтас сұхбаттан контексті кесіп қалып, жаһанға жар салатындарға дауа жоқ. Өз тарапымнан айтарым, ағайын, не нәрсеге де байыппен қарайық. Ақылды сақтайтын мінез. Мінез бұзылмасын. Әлемжеліде отырып алып, өтірікті судай сапыру өте оңай. Қиыны, ар алдындағы жауап. Ел алдында ұялатын жерім жоқ. Мен үшін қазақтың мүддесінен биік ешнәрсе жоқ. Елден жырақ жүрсем де, халқымның рухани қолдауы маған қашан да қымбат. Ораза Айта құтты болсын» — деп тәмәмдапты сөзін Иманғали Тасмағамбетов.
Бұл ретте қазақ қоғамының жанашырлары бірден саясаткерді қорғай бастады. Смағұл Елубаевтың жазуынша, біз білетін Иманғали Тасмағамбетов өйтпейді өлсе де.
“Иманғалиды білмейді екенсіз. Сөйт деп Кремл қысар болса, біз білетін Тасмағамбетов тарс еткізіп тастап жүре берері хақ ол ОДКБ-ны. Ел алдында жүрген қазақтан шыққан бірер азаматты күлге ауната бергеннен кім не ұтады?Қысқа күнде қырық құбылып жатқан заман мынау. Жаман айтпай жақсы жоқ, күтпеген жерден ел басына күн тумасына кім кепіл?!(құдай одан сақтасын!) Сонда біз кімге қараймыз? Әрине, алдымен Қасым-Жомартқа, содан кейін Иманғалиға қараймыз. Не істейміз? деп. Сонда ел алдында жүрген осы тұлғалар сіздер мен біздер үшін, оққа да, отқа да түсері хақ.Соған сеніғіз.Ендеше, ел алдында жүрген осы азаматтарға күнде күйе жаға бергеннен кім ұтылып, кім ұтады?! Әрине, қазақтың, Қазақстанның жаулары ұтады, достары емес.Ойланайық, ағайын!», — деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында.
Бұл ретте Думан Бықай да пікір білдірді. Айтуынша, Иманғали Тасмағамбетовтің мәлімдемесі тек қазақ тілінде жасалғандықтан, орыстілді БАҚ әлі үнсіз отыр.
Себебі олар мемлекеттік тілді меңгермеген, мәлімдеме мәтінін оқи алмайды, тиісінше, ақпарат уақтынан кешігіп жетуде. Олар Тасмағамбетовтың сөзін қорытып, оқырманға жеткізем дегенше қазақтілді БАҚ өз жұмысын атқарып, қоғамдық пікірді қалыптастырып үлгерді.
Әдетте, «дайын асқа тік қасық» болып, ақпараттың «бастау көзінде» жүретін орыстілді баспасөз бүгін тосылып қалды.
Үкімет болсын, Мәжіліс болсын мемлекеттік тілде жасалған маңызды мәлімдеме мен саяси үндеулер қазақтілді медиа алаңның ықпалын күшейтетін күшке ие.
Мәлімдеме қазақша жасалып, орыстілді БАҚ кешіккен сайын, қазақтілді БАҚ алда жүреді, демек қазақ тілінің ақпараттық әлеуеті артады.
«Өкінішке қарай, соңғы кездегі орыстану қарқыны қатты. Азат Перуашев сынды депутаттар қазақша сөйлеуді мүлде ұмытқан сынды. Асхат Аймағамбетов де орыстілді аудиторияға көбірек жұмыс істеп кеткендей әсер қалдырады. Ал, Имекеңнен күдер үзуге әлі ерте. «Ресейшілсің», «сатқынсың» деген қазақтілді аудиторияның өкпе-наласы Иманғали Нұрғалиұлының жанына батқан секілді», — деп жазды журналист.
Осы тұрғыдан қарасақ, Тасмағамбетовтің әзірдегі мәлімдемесі жай ғана ақталу емес, қазақтілді ортаның алдындағы абыройы мен сенімін қайтаруға, өзінің азаматтық келбетін қалпына келтіруге талпынған саналы әрекет.
Тасмағамбетовке қазақтілді қауымның алдындағы имиджі қымбат, ол кеш те болса осыны түсінген сынды. Қазақтілді аудиториямен арадағы рухани байланысты үзгісі келмегендіктен осындай мәлімдеме жасап отыр деп топшылауға болады.
«Имекең орысша ойлайтын ортаға арнап, жеке үндеу жолдамады-ау осы. Қазақ қоғамының пікірі мен реакциясын бірінші орынға қойса, жолдамай-ақ қойғаны жөн. Осы арқылы қазақтілді аудиторияға артықшылық беріп, біздің пікірімізбен санасатын көрсетеді. Өз басым, бұл үшін оның кемшілігін кешіруге дайынмын», — деп қосты Думан Бықай.
Шын мәнінде, қазақтілді қауымның пікірі өте қуатты ресурс. Тасмағамбетовтың манадағы мәлімдемесін қазақтілді қауымның қоғамдық сәяси салмағын мойындауының көрінісі деп бағалауға болатын шығар.
Қазақтілді ортаны елемеу кез келген саясаткер үшін үлкен стратегиялық қателік. Имекең қазақ қоғамына үн қату арқылы өзінің кім екенін, қандай ортаға сүйенетінін, қандай аудиторияны құрметтейтінін нақты көрсетті деуге негіз бар.
«Өз басым, Иманғали Тасмағамбетовті құрметтеймін. Қытай, Түркия, Еуропа, Ресейге қаншама ғалымдарды жіберіп, қазақтың арғы-бергі тарихын, әдебиетін, мәдениетін бір кісідей түгендеген ерен еңбегі үшін де құрметтеуге лайық тұлға», — деп қостады журналист Сәуле Әбдірахманқызы.
Қоғамның басым бөлігі саясаткерге қолдау білдіріп жатқан уақытта, бұрынғы әкімнің кейбір әрекеттері халықтың есінен шықпаған. Айгүл Жұмаділ өзінің парақшасында былай деп жазды:
«Иманғали мен үшін — Шаңырақ халқының үйін бұзып, Арон Атабектей тұлғаның түбіне жетіп әйгілі “Шаңырақ оқиғасымен” есте қалған әкім. Шаңырақ тұрғыны ретінде де, Қазақстан азаматы ретінде де ұмыта алмаймын».
Иманғали Тасмағамбетовтың күтпеген мәлімдемесінен Ақорда біраз шошыған сияқты. ОДКБ төрағасының қазақ аудиториясымен тікелей диалогы — оның президенттік амбициясының бар екендігінен хабар береді.
Кремль 2029 жылғы Қазақстандағы сайлауда Тасмағамбетовты өзінің кандидаты деп тапса, онда оның Олжас Бектенов, Ерлан Қошанов, Әсел Жанасова сияқты қазіргі биліктің сол кезде шығаратын кандидаттарын жеңіп кетуі ғажап емес.
«Тасмағамбетовтың қазақша жолдауы Мәскеумен келісілгені анық. Бірақ Астанамен келіспегені көрініп тұр.Қазір біздегі идеология басшылары Тасмағамбетов туралы материалдарды ақпарат құралдарынан алып тастау, оның таралу ауқымын қысқартуға тырысып жатыр. Бірақ ол тым кеш қолға алынған шара», — деп сыр бөлісті, Астанада ақпарат саласында жүрген дереккөз.
Тасмағамбетовтың бір өзі президенттер Тоқаев пен Мирзиеевтің Алматыдағы кездесуін ақпарат алаңында толық жұтып қойды. Өте тәжірибелі саясаткер Мәскеуде отырып, бүкіл қазақ аудиториясын аузына қарата білді. Бұл оның үлкен электоралды мүмкіндіктерінен хабар береді.
Тасмағамбетов екі жылдың ішінде «Иванғали» деген стереотиптен арыла алса, өзін қазақ мүддесін шырылдап қорғайтын қарлығаш ретінде танытса, қазақтілді электорат оның қалтасында болады деп санаймыз, деп жазды Әшкере.
«Оны Мәскеу қолдаса, әкімшілік ресурсы Ақордамен бірдей болады. Демек ол санасатын, тіпті өз шарттарын қоя алатын үлкен күшке айналып отыр. Тек бір мәселе бар. Иманғали Нұрғалиұлы президент атанса, Мәскеуге берген уәдесін орындауға тура келеді. Ол уәде Қазақстанды Ресей мен Беларусь одағына қосу болса, онда біз үшін КСРО 2.0 форматы қайтып келмек. Тәуелсіздік мәселесі тағы да таразыға түсуі мүмкін».
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру