АҚШ-тағы мейрамхана бургерлерді 100 жыл бойы бір майға қуырып келген. Бір қызығы, бұл – мейрамхананың өзіндік ерекшелігі саналады екен.
Dyer’s Burgers – 100 жылдан бері бургерлерін бір майға қуырып келе жатқан әйгілі Мемфис мейрамханасы. Осы ерекше тәсілі оның бургерлерінің дәмді болуының құпиясы саналады.
Мейрамхананы 1912 жылы Элмер «Док» Дайер ашқан. Оның арнайы дәмдеуіштері қосылған рецептінің арқасында бургерлер үлкен сұранысқа ие болған. Алайда тағамның ерекше танымалдылыққа ие болуына бір оқиға себеп болды. Бір күні аспаз майды ауыстыруды ұмытып кетеді, ал келесі күні келген клиент бургерді жеп көріп: «Өмірімдегі ең дәмді бургер!» деп таңданысын білдірген. Содан бері сол май ауыстырылмаған.
Мейрамхананың қазіргі иесі Кендалл Робертсонның айтуынша, сол күннен бері барлық бургерлер сол 1912 жылғы майда дайындалады. Бұл әлі де 1912 жылдан қалған молекулалар, – дейді ол. Май ұдайы сүзгіден өткізіліп, тазаланып, қайтадан дәмдеуіштермен толықтырылады.
Dyer’s Burgers-те бургерлер алдымен еттің домалақ бөлігі ретінде дайындалып, ағаш балғамен тегістеледі, содан кейін шойын табаға құйылған майға қуырылып піседі. Бургерлер өте жұқа болғандықтан, көптеген клиенттер екі немесе үш қабатты бургер сұрайды, себебі біреуі жеткіліксіз болуы мүмкін.
Кейбір клиенттер 100 жылдық майдың құпиясын біле тұра, керісінше, бургерлерді толығымен – тоқаштарымен қоса – майға қайта батырып беруді сұрайды.
Айта кетсек, ұзақ уақыт бойы бір майды немесе сорпаны қолдану әлемде кең таралған тәжірибе. Мысалы, Тай мейрамханаларының бірі 50 жылдан астам уақыт бір сорпаны пайдаланса, Жапонияның ең көне мейрамханаларының бірі – Otafuku 1945 жылдан бері бір сорпамен тағам әзірлеп келеді.
ПІКІР ЖАЗУ