Қостанайда миында сырқаты бар жігітті әскерге алып кеткен

Қостанай облысында миына артық ет (киста) өсіп кеткен жігітті әскерге күштеп алып кеткен, деп хабарлайды ozgeris.info.

Stan.kz мәліметінше, 15 қарашада 19 жастағы Данияр Рахымжанов Федоровка ауылынан Қостанайға шақыртумен барып, сол жерден бірден әскерге кеткен. Анасы Олеся Евменованың айтуынша, ұлының қолында аудандық комиссияның қорытындысы болған. Оған сәйкес жігіт бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз деп жазылған.

Оның маңдай бөлігінде киста бар, ота жасауға кезекте тұрғаны туралы құжаттары болған. Биыл күзде жасалуы керек еді. Алайда квота болмаған соң, келесі жылды күтетін болдық. Облыстық дәрiгерлiк комиссия ұлымды тексеріп, босататын шығар деп ойладым, алайда оны бірден әскерге алып кетті. Бұған дейін ол қызметке жарамсыз деп танылған еді. Бұл жолы қалай жарамды болып шықты? – дейді жігіттің анасы.

Данияр Рахымжановтың қолында барлық медициналық құжаттары болғанымен, оны ешкім қарамаған. Анасының айтуынша, баласының мұрны үнемі қанап, есінен жиі танып қалады.

Әскерде жасалатын жаттығулар, күнделікті физикалық белсенділік оның денсаулығына зиянын тигізе ме деп қорқамын. Оның үстіне Таразға 30212 әскери бөлімге баруға мүмкіндігім жоқ. Төрт баланың анасымын. Дегенмен ол әскери қорғаныс бөліміне хабарласқанымен, жауап ала алмаған, – дейді баланың анасы.

Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мәліметінше, облыстық комиссияда терапевт қосымша тексеруден кейін жігіттің әскери қызметке жарамдылығы туралы шешім қабылдаған.

Дәрігерлік комиссиядан өткен кезде ол жалпы тәжірибелік дәрігерге қосымша тексеруге жіберіліді. Кейін шағын шектеулермен әскери қызметке жарамды деп танылды, – делінген хабарламада.