«Шектен шыққандық, басынғандық»: Журналист қазақша сауалға жауап беруден бас тартқан Сәтқалиевті сынады (ВИДЕО)

Коллаж: ozgeris.info

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау жұмыстарын басқару» кәсіпорнының жұмысшылары ереуілге шығып, өндіріс жұмысын тоқтатқан еді. Осы орайда журналистер Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтен мәселеге қатысты пікір білдіруін сұрады. Алайда министр сұраққа жауап беруден бас тартты, — деп хабарлайды ozgeris.info тілшісі.

Жаңаөзендегі жағдайды неге реттей алмай отырсыздар деген сауалға ешқандай алып-қосарым жоқ деген министрдің орысша жауабы журналисті қанағаттандырмады. Ал Сәтқалиев болса, қазақ тілінде толық әрі нақты жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты.

«Халықтың проблемасына халықтың тілінде жауап беруден ашық бас тартатын министр — халықты ойлайды дегенге басымды кесіп алсаңыз да сенбеймін. Сәтқалиевтің журналистің заңды талабына осылай мысқылмен қарауы шектен шыққандық, басынғандық деп санаймын. Қанды қаңтарда осындай сәтқалиевтер билікке келсін деп қырылған жоқ қазақтар. Қазақтың, елдің намысын жерге таптамаңыздар, министр мырзалар. Билік басындағылар осыны түсінбей ме? Әлде Назарбаевтың құдасы бола жаздаған шенеунік әдейі осылай қазақ тіліне деген құрметсіздік танытып елді қасақана ашуландырып тұр ма? Міне, ертең Путинді күтіп алып, алдында екі күн құрдай жорғалауға дайын кісіңіз де, осы. Мархабат.

Сәтқалиевтің бүгінгі қылығынан Ақорда түйін шығармаса, онда мұндай ұстанымды, тілге деген немқұрай көзқарасты олар да ашық қолдайды деп қабылдау керек шығар», — деп жазды журналист Самал Ибраева.

Айта кетейік, ереуілге шыққан қызметкерлер «Өзенмұнайгаздағы» зейнеткерлердің балалары мен жұмыста денсаулығынан айырылған қызметкерлердің балаларын жұмысқа қабылдауды, Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін шешуді, 2013 жылға дейін ұжымдық келісімде көрсетілген тәуелсіз еңбекақы жүйесіне және жүргізушілер мен операторлардың мәртебесін көтеру, оның ішінде ұжымдық шартта 30 пайыздық үстемеақыны есептеу тәртібіне оралуды талап еткен еді.