Ақтөбеде Есет батыр тұрғын үй алабында 9 жастағы бала әткеншектен құлап көз жұмды. Ол басынан ауыр жарақат алған көрінеді. Жедел жәрдем келгенше жан тапсырған, деп хабарлайды ozgeris.info Астана арнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның хабарлауынша, 9 жастағы Абат көрші үйдің ауласында ойнап жүріп, құлаған.Үйдің бейнебақылау камерасына оның құлаған сәті түсіп қалыпты. Видеода балалардың оны артынан қатты екпінмен тербетіп жатқаны көрінеді. Жерге құлаған сәтте басынан ауыр жарақат алған. Жедел жәрдем келгенше көз жұмды.
«Диагнозы ашық бас миының жарақаты, бас негізінің ашық жарақаты, оң жақ қабырғасының жабық сынығы, гемоторспен өмір сүруге мүмкіншілігі жоқ жарақат», — деді облыстық жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары Гүлмараш Балмағамбетова.
Қайғылы жағдай болған сәтте Абаттың әкесі басқа баласымен ауруханада жатқан. Ал анасы ұлының қаза болғанына әлі сене алар емес. Әлия Сағындықова – тоғыз жасар Абат Русланның анасы, мүгедектер арбасына таңылған. Ол оқиға туралы естігенде, үйдің кіреберісінен шыға алмаған, өйткені үйдің пандусқа шығуға арналған есігі құлыптаулы.
«Соншама тербеткен ғой. Ұшқан. Қайтадан тұрғанда құлаған ғой. Мен көршілерге жалындым мына жақтан түсе алмай жатырмын. Есіктерді ашшы деп. Шықсам кіре алмаймын. Балам бәріне көмектесетін еді. Балам шығып кетті ғой. «Мама қазір келем, ойнап келемін»деп, Қолқанатым еді», — дейді баланың анасы Әлия Сағындықова.
Абат 4 сыныпта оқыған. Кәсіби түрде каратэмен айналысқан. Өте белсенді, сабақта озат оқушы дейді ұстаздары.
«Бала өзі сабақты жақсы оқитын. Толық отбасының баласы ғой. Үйінде анасы, әкесі, інісі бар. Осындай жағдайға ұшырап қалып отырмыз. Мектептің атынан жақындарына қайғырып көңіл айтамыз», — деді Қызылжар орта мектебі директорының орынбасары Тайбек Абдуллин.
Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бабымен іс қозғалды. Қазір тергеу-тексеру жүріп жатыр.
ПІКІР ЖАЗУ