Белгілі әнші, актриса Айгүл Иманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Видео елдегі жемқорлық мәселесі төңірегінде. Аталған жарияланымды желі қолданушылары қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеп.
Видеода Айгүл Иманбаева көшеде өтіп бара жатқан жігітті тоқтатып, елімізде дәл қазіргі уақыттағы жемқорлық деңгейі туралы сұрайды. «Сіздің ойыңызша, елімізде қазір жемқорлық азайды ма, көбейді ме?» деген сауалға жауап берген жас жігіт жемқорлықтың ұлғайғанын алға тартады.
«Бұрынғыдан әлдеқайда көбейді. Мәселен, менің құрбым жай ғана мектепке қабылданбай жатыр. Ол үшін де 300 доллар сұрап жатыр», — деп жауап берді жас жігіт.
Содан кейін Айгүл Иманбаева камераны өшіртіп, жігітке керісінше жауап беруді өтінеді де, оның қолына ақша ұстатады. Ал жас жігіт еш ойланбастан келісіп, жоғарыдағы сұраққа басқаша жауап береді.
«Біздің елде қазір жемқорлық едәуір төмендеді. Өйткені Антикор жұмыс істеп жатыр. Жемқорлық – жақсы нәрсе емес. Дегенмен, әр адам өзінен бастау керек. Әлемді өзгерткісі келген адам әуелі өзін өзгертуі керек», — деді жас жігіт.
Ал желі қолданушылары бұл видеоны қызу талқылауда. Көпшілік әртістің видеоны орыс тілінде түсіргені үшін айыптап жатыр. «Қазақпен қазақша сөйлессеңдерші», «Қазақша сөйлемей ме?», «Ойбай, Айгүл қазақша ұмытып қалған ба?» деген пікірлер жазылды.
Сонымен қатар, желі қолданушылары Айгүлдің осы видеосы арқылы еліміздегі жемқорлық деңгейі анық көрініс тапқанын жарыса жазуда.
«Әй, қу ақша не істетпейді?»,«Жемқорлық көп көп дейміз. Бірақ өзіміз соны істейміз. Бірақ оны мойындағысы келмейді ғой. Жоғарыдағылардың жегенін айта бергенше өзімізден бастайық», «Бұл жігіт жемқорлықты біздің өзіміз жақсы көретінімізді көрсетті», «Жаңа Қазақстан деген осы ма?», «Жігіт емес екенсің. «Еркектің екі сөйлегені өлгені» деген қазақ атам. Айгүл, сен Баянға еліктемей-ақ қойсай. Баян ол Баян. Сен сахнаңды ойнап, жүре берсей. «Екі қайықтың басын үстаған суға кетеді» деген қазақта», сынды пікірлер қалдырылған.
ПІКІР ЖАЗУ