Белгілі тележүргізуші Қымбат Досжан немересіне ерекше ат қойды

Қымбат Досжан
Фото: qazaqstan.tv

Отандық танымал тележүргізуші Қымбат Досжан жақында өмірге келген немересіне ерекше есім берді. БАҚ өкілі немересінің атын қалай таңдағанын айтып берді, деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Бұл жайлы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Айтотым деп атадым немеремді! Айтоты — қазақтың мықты, арда азаматы, жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің анасының аты. Азан шақырып қойған есімі Қымбат екен анамыздың. Апамыздың ақылы мен көркіне, сұлулығына тәнті болған ел-жұрты Айтоты деп атап кеткен», — деп жазды Қымбат Досжан. 

Тележүргізуші Асқар Сүлейменовпен алғаш кездесуін есіне алып, немересіне ол кісінің анасының атын беруді неге шешкенін айтты.

«Осындай мықты анадан туған Асқар Сүлейменов ағамызды мен ең алғаш «Жетінші палата» спектаклін тапсыру кезінде көріп, әсіресе құс мұрынды келбетіне таңғалған едім. Жазушы ағамыздың сол спектакльдің тапсырылу кезінде айтқан сөздерін бүкіл театр артистері, Жүргенов театр өнері студенттері ұйып тыңдаған едік. Ой иірімдері тура бір ғарыш секілді еді. Қарагөз сіңлімді құлағдар етіп, әжесінің есімін немереме қойғанымды айтып қуанттым. Немере қатары көбейе берсін, Балайым Айтотым атты сіңлілі болды», — деп жазды Қымбат Досжан.

Еске салайық, жуырда Қымбат Досжан көпшілікке қуанышты жаңалығын бөлісті. Тележүргізуші немерелі болғанын хабарлап, сүйінші сұраған еді.