«Асырап алған балаларын қорлаған»: Шымкентте емшінің әйелінің үстінен де қылмыстық іс қозғалды

Шымкентте асырап алған балаларын қинаған емші ісіне қатысты сот нүкте қойды. Қазіргі уақытта оның әйелі тергелу үстінде. Бұл ақпаратты Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Айта кетейік, 6 баланы қорлаған Ұ.Смановтың әйелінің үстінен Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша іс қозғалған.

«Аталған факті бойынша жергілікті тұрғынның әйеліне қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаймыз. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — делінген ПД хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жергілікті емшінің 6 баланы асырап алып, оларға ит пен мысықтың етін беріп, үш жылдан бері азаптап келгенін жазғанбыз.