«Алиментке ақша жоқ, құмар ойынға бар»: Жетісу облысында әкелер жауапқа тартылды

лудоман
Фото. ашық дереккөзден

Жетісу өңірінде 50 азамат үнемі құмар ойынын ойнап, 150 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Алайда балаларына тиесілі 60 миллион теңге алимент түріндегі қарызды төлемеген.

Мәселен, Талдықорғанда жарты миллион теңге алимент бойынша берешегі бар борышкер Д. онлайн букмекерлік кеңседегі есепшотын 52 миллион теңгеге толтырған.

Прокурорлардың жүргізген талдауы бойынша Әділет Департаментіне борышкерлерге қатысты шара қолдану туралы ұсыныс енгізілді.

«Жалпы, жыл басынан бері Жетісу облысының прокурорлары 87 баланың берешек алименті бойынша 63 миллион теңге қарыздың орнын толтыруға қол жеткізді. 144 төлемеуші тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (116 адам қамауға алынды және 28-іне айыппұл салынды)», – делінген хабарламада.

9 тұрақты төлемеуші тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы (балаларды асырауға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.