Кешірім жасау туралы өтінішті ҰҚК экс-басшысы осы жылдың наурыз айында берген болатын.
Мемлекеттік сатқындық жасағаны және билікті басып алуға әрекет жасағаны үшін сотталған ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов кешірім жасау туралы өтініш берді, деп хабарлады ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті.
Қазір Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде ҰҚК-нің Астанадағы тергеу изоляторында отыр.
«Шынымен де, ол осы мекемеден 2024 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады», — деп хабарлады ҰҚК.
Онда сондай-ақ, Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)») және 366-бабы, 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде ұсталды. Оған қатысты қылмыстық іске «өте құпия» деген белгі берілді. 2023 жылдың сәуір айының соңында Астана соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күштеп басып алуға әрекет жасағаны, билік пен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырды. Мәсімов үкімді даулауға тырысты, бірақ апелляциялық саты жаза мерзімін өзгеріссіз қалдырды
ПІКІР ЖАЗУ