Ақмола облысы аумағында 90 жылдары ауыр қылмыстарды жасап, 26 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыстың топтың соңғы мүшесі қолға түсті.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелері 4 адамды өлтіру, жүргізушілерді тонау, экономикалық контрабанда және билік өкілінің немесе лауазымды тұлғаның атағын өз бетінше тағайындау тәрізді қылмыс жасаған.
Қылмыскерлерге 26 жыл бұрын іздеу жарияланды. 1998 жылдары милиция қызметкерлерінің қызметтік киімін киген және автоматты атыс қаруымен қаруланған қылмыскерлер қала сыртындағы автожолдарда жезлдің (арнайы таяқ) көмегімен автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілері мен жолаушыларын атып, орман алқаптарына денелерін көміп тастап отырған. Ал, автокөліктерін заңсыз сатқан.
«1999 жылы банданың 4 мүшесін полиция қызметкерлері ұстады, біреуі көз жұмды. Кейіннен сот үкімімен ұсталған төртеудің екеуі өлім жазасына, екеуі ұзақ уақытқа бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал 26 жыл бойы полициядан бой тасалап жүрген қылмыстық топтың соңғы мүшесі 27 қаңтарда Көкшетауда қолға түсті. Ол өзінің тегін, атын, әкесінің атын және туған жылын заңсыз өзгертіп алған. Тіпті, бет-бейнесін де өзгерткен. Қазіргі уақытта қажетті тергеу рәсімдері жүргізіліп жатыр», — деді ведомстводан.
Фото: Pexels
ПІКІР ЖАЗУ