Атырау облысында тұратын әйел 4 жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Алайда жыл басында иелігіндегі ғимаратта заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны әшкереленген. Сот үкімімен оның бас бостандығы шектелді.
Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облыстық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің айтуынша, азаматша Х.-ның 2019 жылы Х.Құрманғазы ауданында жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені анықталған.
«Бірақ пайдакүнемдік мақсатында иелігіндегі ғимарат ішінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, букмекерлік кеңсені ашқан. Заңсыз әрекетін іске асыру үшін теледидарлар орнатып, компьютерлік құрылғыларға интернет желісі бойынша «MOHIO KENO BET» құмар ойынын трансляциялайтын «Chashier MOHIO» бағдарламалық өнімін жабдықтап, сайтқа жүктегені анықталды. Агенттіктің жергілікті департамент қызметкерлері 2023 жылы 6 қаңтарда жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, құқық бұзушының заңға қайшы әрекетін әшкереледі», — деп хабарлады Бекболат Әнесов.
Оның айтуына қарағанда, құқық бұзушыға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 1-бөлігімен (Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асыру) қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізілген. Кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
Құрманғазы аудандық сотының үкімімен Х. аталған баппен кінәлі деп танылды. Оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Фото: pexels.com
ПІКІР ЖАЗУ