Хиджаб киіп жүрген оқушылар мектепке бармай жүр ме — Оқу-ағарту министрі жауап берді

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хиджаб киіп жүрген оқушы қыздардың мектепке бармай жүргені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте БАҚ өкілдері министр
Бейсембаевқа «Атырау облысында 150 қыздың мектепке бармай жүргені туралы ақпарат тарағанын айтты. Себебі, оларды хиджаб кигендіктен, мектепке кіргізбейді деген мәліметті келтірді. Журналистер «осындай жағдай өзге аймақтарда бар ма?»,- деп сауал жолдады.

Ғани Бейсембаев ақпаратты теріске шығармады. Оның айтуынша, жаңа оқу жылы басталған кезде хиджап киген оқушы қыздардың саны 150-ден де көп болған.

Министр олардың ата-анасымен түсіндіру жұмысы жүргізілгенін атап өтті.

«Мектеп балалардың сапалы білім мен тәрбие алуға арналғанын жақсы білесіздер. Сондықтан ата-аналар түсініп, қабылдай бастады. Қазіргі уақытта бұл мәселе шешілді. Мендегі ақпаратқа сәйкес, басқа өңірлерде орамал тағатын оқушылар жоқ», — деп жауап берді министр.

БАҚ өкілдері мектепке хиджаб киіп баратын оқушылар елімізде қалмады деп дерек келтірген министрден, нақтылап сұрады.

«Басында проблема болды. Бүгінде бұл проблема толығымен шешілді. Ата-аналар мектептің ең бірінші міндеті — сапалы білім мен тәрбие беру екендігін түсіне бастады. Бір-бірін шатастырып алмауға тиіспіз», — деді Ғани Бейсембаев.