Атырауда салмағы 1 келі болып туған бала мектепке барды

Атырауда салмағы 1 келі болып туған бала мектеп табалдырығын аттады. 

Туған кезде салмағы 1 келі болған 6 жасар Мақсот мектепке барды. Баланың ата-анасы ұлының құрдастарымен бірге өсіп-жетілгеніне қуанышты.

Мақсот — екінші ұлымыз. Баламды алғаш рет көргенде қатты шошып, қорқып кеттім. Бүгінде сол кішкентай бала 6 жасқа толды. Салмағы қалыпқа келді, 26 келі. Қазір оның салмағы 1 келі болды деп айта алмайсың. Ұлым спортпен шұғылданады, футбол ойнағанды ұнатады. Атырау облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері мен Алла Тағалаға рахмет, — дейді баланың анасы Гүлзира

Мақсот Атыраудағы Ғ. Мүсірепов атындағы №5 орта мектептің бірінші сыныбына барған.

Арманы — футболшы болу. Біз оның өз арманын жүзеге асырғанын, тек «бестікке» оқығанын тілейміз. Оның ақылды әрі табысты азамат болып өсетініне, еліміздің мақтанышына айналатынына сенеміз, — дейді Перинаталдық орталықтың баспасөз хатшысы Нұргүл Исмағұлова.