30-дан астам қазақстандық оқушы робототехникадан FIRST халықаралық чемпионатының ұлттық финалының қорытындысы бойынша АҚШ-қа жолдама жеңіп алды. Олар әлемнің 200 беделді университетінің бірінде оқу үшін грант пен шәкіртақы алуға мүмкіндік беретін FIRST Alumni мәртебесінің иегерлері.
Жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 700-ден астам оқушы қатысты. Нәтижесінде 4 оқушы Сулейман Демирель атындағы университетте оқуға мүмкіндік беретін грант ұтып алды. Сонымен қатар чемпионатқа қатысқан 10 команда Мәскеу қаласындағы FIRST жарысына, ал Красноярск қаласына 6 команда аттанады.
«Биыл қатысушылар «Жүк тасымалы» тақырыбы бойынша тапсырмалар орындады. Сондықтан оқушылар өздері ойлап тапқан шағын жүктерді тасымалдайтын, тауарларды сұрыптайтын және кедергілерді айналып өтетін роботтарды таныстырды. Чемпионаттың қорытындысы бойынша төрт команда АҚШ-қа жолдама жеңіп алды. Сонымен қоса Алматы, Семей және Түркістан облысынан 4 оқушы білім гранттарын жеңіп алды. Чемпионатқа еліміздің шағын ауылдары мен қалаларынан келген мектеп оқушыларын атап өткім келеді. Бұған дейін Түркістан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында, Ақмола облысының Атбасар қаласында мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне робототехникадан тренингтер мен жарыстар өткізіп, балалар мен оқытушылардың қызығушылығын көрдік. Олар чемпионатқа келіп, білім жағынан үлкен қалалардың оқушыларынан кем түспейтініне көздерін жеткізе алды», — деп айтты Қазақстандағы FIRST робототехника бойынша халықаралық жарысының ұйымдастырушысы Нұрдәулет Досмағамбет.
Оқушылардан бөлек, тағы алты мұғалім «Best Mentor Award» номинациясы бойынша FIRST марапаттарына ие болды. Осы марапат иегерлерінің бірі Әсем Қасым Қарағанды облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында информатика мен спорттық робототехникадан сабақ береді.
Айта кетейік, FIRST ҚР Білім және ғылым министрлігі оқушылар мен мұғалімдердің қатысуы үшін ұсынған олимпиадалар тізіміне енгізілген. Жыл сайын FIRST жарысының ұйымдастырушылары 6 мен 18 жас аралығындағы балалар арасында түрлі байқаулар өткізеді. Әр сайыс тақырыбы мен тапсырмалардың күрделілігімен ерекшеленеді. Тапсырмалар нақты әлемдік мәселелермен байланысты, атап айтқанда, өнеркәсіпті автоматтандыру, тау-кен өндіру, қалдықтарды өңдеу, ғарышты зерттеу, биомедицина және басқа да маңызды тақырыптарды қамтиды.
«ozgeris.info».
ПІКІР ЖАЗУ