Қостанай облысы Қарасу ауданында тасқын суға байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Облыс орталығына қатынайтын жолдың алты шақырымы су астында жатыр. Тіпті қысты күні аудан халқы жарықсыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қарасу ауданы Қостанай облысындағы көктем сайын тасқын су басатын қауіпті аймақтардың бірі саналады. Өйткені атауы да айтып тұрғындай бұл өңірде өзен-көл көп. Биыл көктемде ауданындағы бес көл арнасынан тасып, қосылып кетті. Ауданды облыс орталығына жалғайтын жолдың алты шақырымы тереңдігі 1 метр 20 сантиметр болатын су астында қалды. Енді тұрғындар Қостанайға көлікпен қатынау үшін 80 шақырым айналма жолмен не егістіктегі 20 шақырым қара жолмен жүруге мәжбүр. Жаңбырлы күндері бұл жер батпаққа айналады, деп жазады nur.kz.
Ғазиз Байзақов «ҚазПошта» тасымал көлігінің жүргізушісі болып істейді. Ол ауданға күн сайын газет-журналмен қоса, сәлемдемелер жеткізуі керек. Жолды су басқалы бері Қостанай мен Қарасу ауданының арасындағы жол екі есе ұзарып кеткенін айтады.
«Бұл Қарасу қажытты. Қостанайдан пошта тасимыз. Таңертең 5-тен шығып, кейін қайтамыз дегенше түс болды. Көкшетау жолы арқылы айналып келеміз. Бұрын Қарасуға келіп-кету 300 шақырым болса, қазір 500-600 шақырым. Жаз бітті, қыс та жақындап қалды. Бірақ жол әлі жасалған жоқ. Бұл не масқара?! Бүгін жаңбыр жаумаған соң осы қара жолға түстік. Жаңбыр күні мына жермен жүру мүмкін емес», — дейді «ҚазПошта» тасымал көлігінің жүргізушісі Ғазиз Байзақов.
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушілеріне тіпті қиын.
«Әсіресе ауыр науқастарды тасығанда өзіміз қоса қиналамыз» дейді олар. «Жол өте нашар. Сүйегі сынған, жүрегі ауру науқастарды қалай жедел жәрдеммен алып жүреміз?! Қазір Қарасуға қарай 20 км/сағ жылдамдықпен келеміз. Жол бұдан артық жүргізбейді. Жүкті әйелдерді аудандық ауруханаға апарып қайтқанша солар түсік тастайтын шығар деп те ойлаймын», — дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Арман Айтпаев.
Егін жинау науқаны басталды. Бидай тиеген жүк көліктері тіпті жүре алар емес. «Биыл астықты қалай жинап аламыз?» деп алаңдайды диқандар.
«Жол жоқ, батпаққа батып тұрып қалдым. Күніне бір ғана рейс жасаймыз. Кеше де батпақтан шыға алмадым, бүгін де таңнан тұрмын. Жолға ең болмаса қиыршық тас төсесе болар еді», — дейді жүк көлігінің жүргізушісі Арман Рахымбеков.
Аудан басшылығы тұрғындардың шағымы орынды деп санайды. Олар қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын айтады. Облыстық су шаруашылығы мамандарының кеңесі бойынша жолдың бойына әуелі сусорғыштар орнатқан, бірақ нөсер жаңбыр кесірінен одан нәтиже болмады. Жол бойынан ұзындығы 7 км, ең терең тұсы 13 метр арық қазуды қолға алған.
«Облыстық әкімдік су бұру арнасына 108 млн теңге бөлді. Жұмысты тамыз айында бастады. Біз биыл жаз өте ыстық болады деп болжағанбыз. Өкінішке қарай қайта ылғал екі есе артық түсті. Осыған орай көлдердің суы азаймайды, қайта көбейе түсті», — дейді Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Динара Тұрсынбаева.
Бүгінде мердігер компания тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Су қатпай өзен арнасын бұруға күш салмақшы. Өйтпеген жағдайда жоғары вольтты бағаналар мұзда қалып қоюы мүмкін.
«Қарасу ауданына тартылған электр желілерінің 15 пайызы суда тұр. Қысты күні бағандардың темір бетонды тіреуіштерін аяздан көтеріп жіберсе, бағандар құлап желілер үзілуі мүмкін. Сонда аудан тұрғындары жарықсыз қалады деген қауіп бар», — Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Динара Тұрсынбаева.
Тасжолдан су кеткеннің өзінде көлік қатынасына рұқсат етілмейді. Тек қысты күні қатты аязда жолды ашуы мүмкін. Өйткені асты дымқыл асфальт опырылып кетеді. Бұл жолды 1,5-2 метрге көтерген жөн. Ал оған миллиардаттаған қаржы қажет. Мұндай ақшаны облыстық бюджет те көтере алмайды. Тек республикалық қазынадан бөлінсе ғана күрделі жөндеу жасалады.
Қарасу ауданының тұрғындары келер көктемде су тасқыны тағы қайталанбаса игі деп отыр. Жер суға толы, өзен-көлдер арнасына сыймай жатыр. Қар қалың түссе, көктемде аудан орталығы мен бірнеше елдімекенді су басу қауіпі бар.
ПІКІР ЖАЗУ