«Жанашыр жандардың ғана сынын қабылдаймын…»

Жақында «Театр ALL-2021»  Халықаралық театр фестивалінде «Жаңа есім» номинациясын жеңіп алған жас актер Дінислам Нұрмағанбетов бүгінге дейін «Құсайыновтар. Өмір жолы», «Замандастар», «Қара таңба» телехикаяларында, «Абай-Тоғжан», «Ұлдар», «Дүние ғапыл» спектаклінде басты рөлді сомдаған. Біз өнер иесімен қазақ өнерінің өркендеуі мен дамуына қосып жүрген үлесі жайында сұхбаттасқан едік.

— Дінислам, «Жаңа есім» номинациясының иегері атандыңыз. Құтты болсын! Бұл сіздің алғашқы марапатыңыз ба?

— Иә, бұл — театр кеңістігіндегі халықаралық деңгейдегі алғашқы номинациям. Елорда төрінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылған «Театр ALL-2021»  Халықаралық театр фестивалінде он екі театр 30-дан астам қойылым көрсетті. «Жаңа есім» деп атаған кезде қуаныштан ештеңе түсінбей, таңырқап қалдым. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы күтпеген сыйлық болды.

— Өнерге келуіңізге әкеңіз себепкер болған екен. Өзіңіз бұл мамандыққа қызықтыңыз ба, бұл жолға қалай келдіңіз?

— Негізі Спорт академиясына түсу үшін сегіз жыл бойы футбол ойнап, дайындалып жүрдім. Өнерге қызығушылығым болған жоқ. Тек хобби ретінде гитарада ойнайтынмын. Мен де басқа балалар секілді футболист болуды армандадым. Атам мен әкем өнер адамы болмаса да әнді жақсы айтатын. Өзі жетпеген жетістікке мен жетсін деген болар, әкем менің өнерге барғанымды қалады. Мектепті аяқтағаннан кейін, ауылдан Шымкентке келдік. Ағамның үйінің алдында музыкалық колледж орналасқан екен. Шәй үстінде әкем осы колледжге тапсырып көр деп өзінің қалауын білдірді. Мен келістім. Сөйтіп құжаттарымды «Саз» колледжінің «Эстрадалық вокал» мамандығына тапсырып, түсіп кеттім. Колледжді тәмамдап, жоғары оқуға тапсыру ниетімен Алматыға абитуриент болып келдім. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына вокал мамандығына түсу үшін құжат дайындап жүрген кезімде әріптес-ағам Аман Ғұмаров: «Жүр сахнаға, шық. Сен актер боласың», — деп сахнаға жетелеп алып келді. Сахнаға шыққаным сол-ақ еді қолыма оқуға қабылданғаным жөніндегі рұқсат қағазды ұстатып қойды. Ол қағазды алу оңай емес еді. Қазір Қазақ ұлттық өнер академиясының «Музыкалық драма театр артисі» мамандығының төртінші курс студентімін. Осы мамандыққа түскеніме қуанамын. Шүкір!

— Кинодағы алғашқы баспалдаққа қалай өттіңіз?

— Алматыда оқып жүрген кезде үлкен жобаға кастинг жарияланды. Ұстаздарымыз бізге кастингке қатысуға рұқсатын берді. Менің санамда «Бармаймын. Мен бәрібір өтпеймін» деген күмән тұрды. Десе де, барып қатысып көруді жөн санадым. Кастингтің өткеніне екі күн болғанда телефоныма қоңырау келді. «Сіз кастинтен өттіңіз» дегенде өзіме-өзім сенбей, таңырқап қалдым. Осылай алғашқы «Құсайыновтар. Өмір жолы» телехикаясына түсу бақыты бұйырды. Бұл, Жаратушының маған берген бармақтай бағы деп білемін. Маған көп айтылатын сөздің бірі «Кастингке қатыспай, таныс арқылы өтіп кете беретін шығарсыңдар, иә?!». Бұл бір ауыз сөз менің жүрегіме батады. Мен өз күшіммен келдім ғой. Ауылдан келген, ешкімді танымайтын, қарапайым баламын.

— Өнер жолына адастырмай жетелеген әкеңіз актер болатыныңызды сезген болар?

— Бәлкім. Мен үшін ең ақылды адам – әкем. Әкемнің қалауы мені адастырмады. Әкеме қарап «Әкемнің істегенін мен істей аламын ба? Әкемдей жаста болғанда дәл сол кісідей балаларымның қалағанын алып беріп, әйелім мен ата-атанамды қамтамасыз ете аламын ба?» деген сұрақ қоямын. Әкемнің ұлына жасаған қамқорлығы мен қызына деген махаббаты бір бөлек. Үйде жалғыз қыз болғандықтан ғана емес, жалпы, әйел затын қалай құрметтеу керек екенін ісімен көрсетіп келеді. Менен кейін төрт інім бар, оның екеуі егіз. Осыны көрген біз, қыз баласына қалай қарау керек екенін ұғынып өстік. Егер сен әпкеңді, қарындасыңды бағалай білсең, ертең болашақ балаларыңның анасына да сондай қамқорлық, мейірімділік танытасың. Әйел сенен бір саты төмен тұрса да, оның дәрежесі биік. Осының бәрін әкем санама құйып өсірді. Сондықтан кімге еліктейсің десе, сөзсіз әкем дер едім. Ол кісі маған: «Балам былай істе, былай істе», — деп ақыл айтпайды, тіпті ешқашан ақыл айтып көрмеген. Тек іспен көрсетеді. Сөзін күтпе, ісіне қара, болды сабақ ала бер. Менің өмірімдегі бірінші мақсатым – балаларым, мен жайлы дәл осылай айтып отырса екен деймін.

— Жас болсаңыз да Абайдай ұлы тұлғаны сомдап жүрсіз. Ерте деп ойламайсыз ба?

— Абай атамыздың тұлға болып қалыптасқан шағын көрсететін рөл мен үшін ерте. Ал мен сомдайтын рөлде 14-15 жас шамасындағы Абай. Қазіргі жаста ойнамасам, кейін ойнайтын жастан өтіп кетемін. Режиссерім Асхат Максимұлы: «Бұл рөл сенікі, сен ойнауың керек», — деп басында мені бекітіп қойған. Түсірілім алаңында жүргендіктен, біраз уақытқа дейін бұл рөлге түсе алмадым.

Жаз айында «Музыкалық жас көрермен театры» Семей қаласына гастрөлдік сапармен барды. Бұйырған кетпейді демекші Абайды бірінші рет сол туған жері Семейге барып ойнадым. Гастрөлдік сапарға шығуға екі күн қалғанда ғана «Сен ойнайсың, дайындал» деді. Маған сенім артылғаннан кейін оны ақтау керек. Түнімен ұйықтамастан текст жаттадым. Үлкен жауапкершілікті сезіндім, оның үстіне Абай елінің халқы өмірінің тарихын, өлеңдерін жатқа біледі, тіпті, спектаклде айтылатын ауыл аттары да ол кісілерге таныс. Абай атамыздың жатқан жерінде кішігірім сахна бар. Сол жерде өзінің әнін орындадық. Үлкен рух берді, сенімділік берді.

— Қандай рөлдерді сомдаудан бас тартасыз?

— Алғашында киноға шақырту алғанда сценариймен таныспай, рөл таңдамай, түссем болды деп келісе беретінмін. Өйткені, түсірілім алаңындағы процесспен танысып, тәжірибе жинауым керек болды. Осы күнге дейін көп киноға түсіп тастадым деп айта алмаймын. Бір-екі қадам ғана жасадым ғой. Десе де, бұл саланың дәмін татып көргеннен кейін, мойнымда ауыр жүк артылғанын түсіндім. Соңғы түсіп жатқан ұсыныстарда режиссердің кім екенін, қандай каналдан көрсетілетінін сұрап, сценариймен танысып  алатын болдым. Сонымен қатар мен түскен туынды маған ұнамайтын каналдан көрсеткенін қаламаймын. Рөлге қатты мән беретін болдым. Кинодағы, қойылымдағы рөлім – менің абыройым. Көрермен мені сол рөл, сол туынды арқылы танитын болады. Мен әр рөлге дайындықпен келгенді ұнатамын, қандай да бір ерекшелік қосқым келіп, ізденіс үстінде жүремін.

— Сын қабылдай аласыз ба?

Сынды жақсы қабылдаймын. Онда да қабылдау керек адамнан қабылдаймын, қабылдамау керек адамнан қабылдамаймын. Іштей саған жаны ашып, жақсы болсын, өссін деп айтатын жандардан қабылдаймын. Ал кейде басқа пиғылмен айтатындары болады, онда ол сынды қабылдамақ түгілі естіп тұрғым келмейді. Жалған сөйлеп, сенің іші бауырыңа кіріп, сын айтып тұрғандай өтірік жанашыр болады. Ондай кезде эмоциямды басқарып, үндемеймін. Мен тұйық болғаныммен, ашуға тез беріліп қоятын мінезім бар. Іштей ренжіп тұрсам да сыртқа көрсетпеуге тырысамын.

— Қазақ өнері жанашырларының санын көбейту үшін не істеу керек?

— Қазір, бір қуантатыны театрлар дамып келе жатыр. Аудитория кеңейіп, жастармен толықсып жатыр. Маған әлеуметтік желіде «Театрға қалай барамыз, билет сатылымда бар ма, орын толық, қалай кіре аламыз» деген толассыз хаттар келеді. Демек, сұраныс бар. Кеше Талғат Теменов ағамыз «Театр көп жерде, түрме азаяды» дейді. Қандай мағыналы сөз! Театр бар жерде мәдениет болады. Мәдениет бар жерде ұрлық, қылмыс азаяды. Сондықтан, мәдениетті дамыту үшін бізге жұмыс істеп, тер төгу керек. Көрермен санын одан әрі толықтыру үшін бұрынғы спектакльдерді алып, заманауи қойылымдар қойып, көркем-әдеби сөздерді түсінікті етіп жеткізу керек деп ойлаймын.

— Ендігі арманыңыз қандай?

— Өнер жолындағы басты арманымның бірі Рүстем Жанаманов ағамызбен бір сахнада, бір кинода ойнау. Ол кісі біздің театрға келеді деп жатыр. Қатты күтіп жүрмін. Жалпы келер жылдан күтер үміт көп.

 

Айым АБДРАШИТ.