АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген жаңа кедендік баж салығы iPhone 16 смартфонының бағасын екі есеге дейін көтеруі мүмкін. Мұндай болжамды Rosenblatt Securities компаниясы жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Трамп Қытайдан келетін импортқа 54 пайыздық тариф енгізді. Apple-дің көп өнімі, соның ішінде iPhone, дәл осы елде шығарылады. Осыған байланысты iPhone 16-ның бағасы күрт өседі деп күтілуде. Қазір АҚШ-та 799 доллар тұратын ең арзан iPhone 16 моделі 1142 долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Ал iPhone 16 Pro Max бағасы 2300 долларға дейін жетуі ықтимал.
Кедендік тарифтердің жариялануы Apple компаниясына ауыр соққы болды: акциялары бір күнде 9,3 пайызға арзандады. Бұл – 2020 жылдың наурызынан бері тіркелген ең ірі күндік құлдырау. 2025 жылғы 4 сәуірдегі мәліметке сәйкес, Apple (AAPL) акцияларының бағасы 188,38 долларды құрады. Бұл 203,19 долларлық алдыңғы жабылу бағасынан едәуір төмен. Ал бір ай бұрын, 7 наурызда, бұл көрсеткіш 238,65 доллар болған.
Қытай да қарап қалмай, 10 сәуірден бастап АҚШ өнімдеріне 34 пайыздық кедендік салық енгізетінін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Трамп Truth Social желісінде былай деп жазды:
«Қытай дұрыс қадам жасамады, олар үрейленіп отыр — бұны көтере алмайды».
Apple Қытайға тәуелділікті азайту мақсатында өндірістің бір бөлігін Үндістан мен Вьетнамға көшірген еді. Алайда бұл елдер де тарифтерден шет қалмады: Үндістанға – 26%, Вьетнамға – 46%.
Қытайда жергілікті Huawei сынды брендтер Apple-дің нарықтағы үлесін азайта бастаған. Ал Samsung, өз өнімдерін Оңтүстік Корея мен Вьетнамда өндіретіндіктен, жеңілдетілген тарифтердің арқасында басымдыққа ие болуы мүмкін.
Айта кетейік, Apple компаниясы бұған дейін АҚШ экономикасына 500 млрд доллар инвестиция салуға уәде берген. Компания Трамптан жеңілдік күтсе де, әзірге ешқандай ерекше жағдай жасалмады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру