Ұлттық құрылтай қазіргі ел басшысы Тоқаевтың есімін тарихта қалдыратын оқиға — саясаттанушы

Фото: Akorda.kz

Бүгін Бурабайда 4-ші ұлттық құрылтай басталды. Екі күнге жалғасатын жиында кеңес мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқыға салуда.

Іс-шараның бірінші күнінде бірнеше мәселелер талқыға салынды.  «Азаматтық қоғам» талқылау алаңында қатысушылар заң үстемдігі, халықтың құқықтық сауаты, әскердегі әлімжеттік, экологиялық мәдениет және тіл мен дін мәселесін қозғап, азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

«Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясында құрылтай мүшелері идеология ісіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Атап айтсақ, отбасы құндылықтарын нығайту, қазақша контентті дамытып, тіліміздің қолдану аясын кеңейту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау және баспа ісін жүйелеу туралы келелі ұсыныстар айтылды.

Ұлттық құрылтайдың «Білім және ғылым» атты үшінші секциясында қатысушылар білім беру саласындағы реформаларды жетілдіру, ЖОО-лардағы кадр тапшылығы мәселесін жою, өңірлік ғылым орталықтарын дамыту және Ғылым академиясының жұмысын жандандыру жайын талқылады.  Одан бөлек, қазақ тілін заманауи ғылым тіліне айналдырып, терминдерді біріздендіру жөнінде де бірқатар ұсыныс айтылды.

Ұлттық құрылтайдың бүгінгі жиынын «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциясы қорытындылады.  Бұл талқылау алаңында құрылтай мүшелері қосымша құн салығына қатысты сұрақтарды талқылады. Сондай-ақ отандық өндірісті ұлғайту, еңбек қауіпсіздігін күшейту және шикізат өндірісін дамыту жолдары туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Ұлттық құрылтайдың негізгі жиыны ертең, 14 наурыз күні, өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші күніне қатысады. Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады деп күтілуде.

Ұлттық құрылтай 2022 жылдың 16 маусымында Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған. Бұл жаңа қоғамдық институт халық пен билік арасындағы диалогты күшейту, ұлттық бірлікті нығайту және елдің дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылау алаңын қалыптастыруға бағытталған.

Ұлттық құрылтай Қазақстан қоғамының әртүрлі әлеуметтік топтарының, сарапшылардың, ғалымдардың, зиялы қауым мен азаматтық белсенділердің басын біріктіретін консультативті-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Оның құрылуы елдегі саяси реформалар мен “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Алғашқы отырыс 2022 жылы Ұлытау облысында өтіп, оған әр өңірден, түрлі сала өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар мен ардагерлер қатысты. Кейінгі құрылтай жиындары Түркістан және Атырау облыстарында өтті.

Мемлекет басшысы қатысатын ертеңгі жиыннан не күтеміз? Ozgeris.info тілшісі саясаттанушылар мен мәжіліс депутаттарының пікірін білді.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Аmanat» фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы бүгінгі құрылтайдың ауқымы кеңейгенін мақтана жеткізді.

Жарқынбек Амантайұлы — ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

«Үш жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан жиындардың ауқымына қарасақ саны да сапасы да жоғары деңгейде деп айта аламыз. Расымен де құрылтайда көтерілген көптеген мәселелер және мемлекет басшысының тапсырмалары біздің парламенттің қолымен заңнама деңгейінде жүзеге асты. Мысалы алғашқы Ұлытаудағы құрылтайда еліміздегі лудомания мәселесі көтерілді. Сол кезде 400 мыңға жуық азамат құмар ойын тұзағына түскені туралы дабыл қақтық. Артынша лудоманияға қарсы заң кедергілер мен қыспақтарға, мүдделер қақтығысына қарамастан қабылданды», — дейді мәжіліс депутаты.

Бұдан бөлек тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де аталмыш жиындарда көтеріле бастады дейді Жарқынбек Амантайұлы.

«Есірткі тасымалдаушылар мен өндірушілердің мәселесіне қатысты сұрақ та өте күрделі. Халық тарапынан көптеген шағымдар түсіп, көмек сұрағандар көп болды. Жас балалардың жеңіл ақшаға қызығып, «закладчик» болып 10 жылға істі болып кететіндерін жақсы білесіздер. Олардың саны көп. Қоғамдық қабылдауға келетін ата-аналардың қарасы көп. Бұл мәселе ұлттық құрылтайда Президенттің құлағына жетіп, енді шешімін тауып отыр», — дейді мәжілісмен.

Ұлттық құрылтай жиындарының арқасында бірқатар шекаралас аудандардың аумағы бекітіліп, аудандар қалпына келтірілгенін де айта өткен жөн.

«Ертеңгі құрылтайда да осы шет аудандарды дамыту мәселесі өзекті болады. Мына күрделі геосаяси жағдайда еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, ортақ идеологияның қазығын тереңірек қағуға бағытталған маңызды тапсырмалар мен шешімдер, ұсыныстар айтылады деп сенемін. Қазіргі таңда көрші елдермен шектесетін аймақтарымызды нығайту маңызды. Себебі қазір көптеген ауыл-аудандарымыздың бос қалып жатқанын білеміз. Сол жерлерге халықты тығыз қоныстандыру керек. Ауылды дамыту сұрағы ертеңгі жиында айтылады деп ойлаймын. Себебі еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы мен экономикалық жағдайы ауылдарға тікелей байланысты», — дейді депутат.

Ертеңгі құрылтай жастар саясатын да қозғайтыны белгілі. Кеше ғана жас білікті мамандардың елден көшіп жатқаны туралы зерттеу жазған едік. Байқағанымыздай, өз жерінде болашағын көрмейтін жастар мен еңбекке қабілетті адамдар елден безіп жатыр.

«Сондықтан биылғы құрылтай бұрынғыдан да ауқымды болады деп күтеміз. Себебі былтырғы жиынның өзінде 300-ге жуық сұрақ көтерілген. Оның өзі қаншама өзекті мәселелердің мемлекет деңгейінде талқыланып жатқанын көрсетеді», — деп түйіндеді Жарқынбек Амантайұлы.

Ал саясаттанушы Талғат Жанысбай биылғы ұлттық құрылтайда халықтың жағдайы мен ел экономикасы мәселелеріне ерекше мән беріледі деп ойлайды.

Талғат Жанысбай — саясаттанушы

«Біріншіден, халықтың әл-ауқаты көбірек айтылады деп ойлаймын. Себебі соңғы жылдары әлемде болып жатқан соғыс және басқа да кикілжіңдер Қазақстанның экономикасын айналып өтпеді. Біз көрші елдермен сауда-саттық салалары бойынша тікелей байланыстымыз.  Шикізатқа тәуелдіміз. Ресейге салынған санкциялар да, біз кедендік одаққа мүше болғандықтан біршама әсерін тигізді. Осы себептерден соңғы жылдары халықтың тұрмысы мен ел экономикасы әлсіреді. Сондықтан осы мәселелер пысықталады деп ойлаймын», — дейді сарапшы.

Сарапшының ойынша, денсаулық саласы да айтылмай қалмайды. Әсіресе, МӘМС жүйесі осы құрылтайда тілге тиек болады. Одан бөлек өңірлердің су тасқынына дайындығы да өте өзекті. Сол себепті Үкіметтің жұмысы сыналады.

«Шикізаттан тәуелділігімізді азайту үшін елімізде өндіріс орындарын салу сұрағы да қарастырылады деп ойлаймын.  Сондықтан ауыл, мал және егін шаруашылығын дамытуды ертерек қолға алу керек. Оның үстіне жылдан жылға су тапшылығы пайда болып жатыр, әсіресе Оңтүстік өңірлерде. Су тапшылығын жою және алдын алу мақсатында құрылған су ресурстары министрлігіне бірқатар тапсырмалар берілген, осы жиында есеп беретін болар», — дейді Талғат Жанысбай.

Бурабайда өтіп жатқан ұлттық құрылтайда «Жаңа Қазақстан» туралы да айтылады дейді сарапшылар. Ескі Қазақстанның шетелге өтіп кеткен активтерін елге қайтару сұрағы талқыланады. «Жер аманаты» комиссиясы қаншама гектар жерді ел меншігіне қайтару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Сондықтан бұл құрылтайда ел басшысының тапсырмалары ғана емес, жиналған ел жанашырлары мен зиялы қауымның ұсыныстары мен шешімдері әрі қарай дәріптеліп, егжей-тегжейлі БАҚ беттерінде айтылады деп сенемін, — дейді Талғат Жанысбай.

Сыртқы және ішкі саясаттағы жағдай, халықты ауызбіршілікке және тыныштыққа шақыру да маңызды. Әсіресе, ұлттық идеологияға тереңірек үңілу керек дейді сарапшылар.

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбевтың пікірінше, бұл құрылтай қазіргі ел басшысы Тоқаевтың есімін тарихта қалдыратын оқиға.

Нұрболат Нышанбай — саясаттанушы

«Тоқаев билікке келгелі осымен төртінші рет құрылтайды өткізіп жатыр. Бұл құрылтай қоғаммен санасатын алаң. Мемлекет басшысының келуімен құрылтайдың қайта жандануы қазақ тарихында ерекше есте қалатын кезең деп есептеймін», — деп қорытындылады саясаттанушы.