Түрме курорт па, әлде азап мекені ме? Қазақстан түрмелерінде бәрі бар. Ішімдік, есірткі, жайлы өмір, тіпті махаббат та. Ал кейбіреулері тіпті туған күнін тойлауға торт алдыра алады. Алайда жайлылық барлығына бірдей қолжетімді емес. Біреулер темір тордың ар жағында азап пен қорлықтан бас аша алмай отырса, енді біреулері жұмсақ былғары диванда отырып, тоңазытқышы мен кілемі бар жайлы бөлмелерінде шіреніп өмір сүріп жатыр.
Қарапайым азамат үшін түрме жазалау орны болса, байлар мен беделді адамдар үшін бұл жеке кеңістігі бар VIP-бөлмеге айналуы мүмкін. Арнайы мәртебесі бар тұтқындар үшін ақша төлесе жеткілікті, басқа сотталғандардан құралған «қызметші» де табылады, интернетке де қосылады, қалағанынша сәлемдеме де келеді. Тіпті эротикалық кездесулер ұйымдастыру да мүмкін. Мұның бәрі бұрын да болған, қазір де бар, болашақта да жалғаса беруі мүмкін.
Түрменің ар жағында не болып жатқанын жұрт көп біле бермейді. Бұл тек сотталғандар өздерінің «ерекше» өмірін көрсетіп, әлеуметтік желіге тараған видеолар арқылы жария болады. Түрмелердегі байлардың құпиясы мен басынан шіріп жатқан жүйенің былығы әшкере болды. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді.
Шерзат Болаттың өлімі бүкіл елді дүр сілкіндірген оқиға болды. Қылмысқа қатысы бар күдіктілер қатаң бақылауда болуы тиіс еді. Алайда олар тергеу изоляторында шалқып той тойлаған видеолары жұрттың наразылығын тудырды. Олар камераға торт алдырып, ақылды «Алиса» колонкасын қосып, Қайрат Нұртастың әнімен туған күн тойлаған. Кейін бұл сәтті камераға түсірген адамның ИВС-тің қызметкері екені белгілі болды. Артынша ол жұмысынан қуылды.
ІІМ әдеттегідей, 16 адамға қатаң тәртіптік шара қолданылды, кейбіреулер жұмыстан шығарылды деп есеп берді. Бірақ мұндай жағдайлардан кейін де жүйеде ештеңе өзгермейтінін бәрі біледі. Мұндай «жазалаулар» бұрын да болған, бірақ ол ешқандай нәтиже бермей келеді.
Мысалы Алматы облысының бұрынғы полиция басшысы Серік Күдебаевтың абақтыда өткізген тойы әшкере болған еді. Әлеуметтік желіде тараған суреттен соң тексеріс басталған. Алайда оның немен аяқталғанын ешкім білмейді. Талғат Ермегияев те түрмеде «VIP» жағдайын жасап алғандардың бірі. Оның теміртордағы өмірін аңсауға болады: интернеті бар телефон, элиталық ішімдік, ешкім кедергі келтірмейтін жайлы бөлме.
Қуандық Бишімбаевтың шулы ісі әлі елдің есінде. Оның бауыры сотта Бауыржан Мусин есімді қоғам белсендісінің түрмеге еркін кіріп, Бишімбаевқа пайдалы болу үшін айғақтарды өзгертуге көндірмек болғанын айтты. Сол кезде ІІМ камераларды тексеріп, кінәлілер жазаланады деген, бірақ бұл мәлімдемеден кейін қандай нақты шаралар қабылданғаны белгісіз.
Жалпы, ресми есептерде түзету мекемелеріндегі «тәрбиелік жұмыс» туралы жалпылама мәліметтер беріледі. Түрмелерде тұтқындар “мафия” ойынын ойнап, психологпен жұмыс істеп, сурет салып, қардан мүсіндер жасап, патриоттық іс-шаралар өткізеді деген мәліметтер жиі тарайды. Алайда шындықтың ауылы алыс, дейді «Айран» Youtube жобасының авторлары.
Шын мәнінде, бұл мекемелердің өмірі өз ережелерімен өтеді. «Қызыл заң» – түрме әкімшілігінің ережелері болса, «қара заң» – ұрылар әлемінің ережелері. Бұл ережелер жылдар бойы өзгермей келеді. Ал VIP жағдайға қол жеткізу үшін міндетті түрде ақша төлеу де қажет емес. Кейде жүйеге пайдалы адам болып, өз рөліңді тапсаң, сен де “тұтқындардың жұмағына” қол жеткізесің. Бірақ егер сен жақпай қалсаң түрмедегі өмір тозаққа айналуы мүмкін. Онда қорлық пен зорлық, тіпті жыныстық сипаттағы – үйреншікті жағдай.
Бұл көпшілік біле бермейтін, бірақ шындыққа негізделген жүйе. Оны өзгерту үшін ІІМ басшылығы қанша рет ауысса да, нақты саяси ерік пен жүйелі реформа қажет. Әйтпесе, біреуге – «майлы шелпек», біреуге – «темір тордың тозағы» болып қала береді. Өз көзімен көргендер ғана шындықты айтып бере алады. Олардың айтқандары – ащы ақиқат.
Бостандықтың құны бар
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Қазақстандағы қылмыстық-атқару жүйесі туралы былай дейді:
«Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі әркімнің төлем қабілетіне қарай өзгеріп отыратын өзіндік заңы бар мекеме. Мен өзім куә болған жағдайды айтып берейін. Астана қаласындағы қатаң режимдегі түзеу мекемесінде Ержан Өтебаев жазасын өтеді. Ол екі қабатты пентхауста тұрды, мангалы бар еді, терезе алдына қойылған коньягы ашық тұрды, ешкімнен жасырмай телефонмен сөйлесіп отыратын, кездесулерге ешқандай шектеу болмады – күндіз де, түнде де. Тіпті оған арнайы кездесу бөлмесі де берілген. Ал белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов та VIP жағдаймен қамауда отырды, – дейді ол.
Ал жазасын өтеп шыққан бұрынғы сотталушының айтуынша, мың адамның ішінен небәрі 0,5%-ы ғана өзіне осындай жағдай жасап ала алады. Олар – ақшасы мен байланысы барлар. Қарапайым тұтқындар төрт қабырғаға қамалып отырғанда, олар өз айналасына «ыңғайлы» адамдарды жинап, күнделікті тірлігін де ақша арқылы реттейді.
«Олардың бөлмесін тазалайды, тамақ тасиды, сәлемдемелерді кезексіз алады. Мұның бәрі ақшамен шешіледі. Бағасы да әртүрлі – кем дегенде жарты миллион. Тіпті сен келмей жатып, сенің ісің түрмеде қаралып, сенің қандай мүмкіндігің бар екені анықталып тұрады», – дейді ол.
Қуат Рахимбердин есімді құқық қорғаушының айтуынша, Қазақстанның Қылмыстық-атқару кодексі мен қамауда ұстау тәртібі туралы заңда сотталған азаматтардың құқықтары мен бостандықтары нақты жазылған. Онда азық-түлік, киім-кешек және сыртқы әлеммен байланыс, кездесу ережелері қарастырылған. Алайда ұялы телефон, интернет пайдалану сияқты артықшылықтар заңда мүлде қарастырылмаған және бұл – тікелей заңбұзушылық.
«Менің ұсынысым бұл жүйеге адам факторын азайтып, заманауи технологияларды енгізу. Қазіргі таңда барлық түзеу мекемелері байланыс сигналдарын басатын құрылғылармен қамтамасыз етілген. Дегенмен, сотталғандар интернетке қосылып, сыртқы әлеммен байланыс орната алады. Алаяқтық фактілері түрмеде отырып-ақ ұйымдастырылатыны ресми статистикада көрсетілген», – дейді Рахимбердин.
«Түрмеде кейбір сотталғандар өзіне үйдегідей жағдай жасайды. Жақсы тамақтанып, кино көріп, интернет пайдаланып, тіпті құлаққап тағып отырады. Есірткі де бар, ауыр түрлерін де табуға болады. Рестораннан тамақ алдырту да қиын емес. Ал мекеме әкімшілігі олардың барлық сұранысын орындайды. Бұның бәрі «кімге не пайдалы» деген ережемен жұмыс істейтін жүйе. Мысалы, әкімшілікке көмектесетін, жөндеу жасайтын немесе бірдеңе жеткізіп беретін адамға жеңілдіктер жасалады», — дейді бұрынғы сотталушы.
«Әрқайсысының өз «табыс көзі» бар. Егер төлем қабілеттің болса, тіпті шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды да сатып алуға болады, – дейді құқық қорғаушы Вадим Курмашин.
Ақшаға бәрі сатулы: Тек жайлылық емес, махаббат та
«Айран» жобасының авторлары атап өткендей, түрмеде сатып алуға болатын жалғыз нәрсе – жайлылық пен қызмет емес. Қалауың болса, махаббат та сатулы. Яғни, жеңіл жүрісті қыздармен жедел кездесу де ұйымдастыруға болады.
Мысалы, олигарх Қайрат Боранбаевтың туған күніне осындай «сыйлық» жасалған. Оны тергеу изоляторына алып бара жатқанда, көлік басқа бағытқа бұрылып, Астанадағы мейрамханалардың біріне тоқтаған. Сол жерде Боранбаевты көліктің ішінде бір жеңіл жүрісті қыз құттықтаған. Бұл жағдай кейін жария болып, ұйымдастырушы ретінде Боранбаевтың жиені кінәлі деп танылды.
Байлармен қатар, қарапайым тұтқындар да бұл «қызметті» пайдалануға тырысады. Әлеуметтік желілерде кең таралған бір видеода қарапайым сотталушы «қыздармен» болған сәті түсірілген. Видеоны ұялмай, ашық түрде телефонға түсірген. Мамандардың айтуынша, бұл да – ақша арқылы ұйымдастырылатын қызмет. Әрине, бұны бәрінің қалтасы көтере алмайды, бірақ сұраныс бар жерде ұсыныс та бар.
Құқық қорғаушылардың пікірінше, түрмелерде ешқандай жіктеу болмауы тиіс. Алайда бүгінде көп адам қылмыстық-атқару жүйесіне жұмыс орны ретінде емес, бизнес көзі ретінде қарайды.
«Балық басынан шіриді дегендей, бұл Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен бастап, ең төменгі сатысына дейін құрыған жүйе. Әлеуметтік жағдайды көтеру керек, қызметкерлердің білімі мен мәдениеті төмен – сөйлесу әдебі жоқ, базардағыдай сөйлейді, – дейді бұрынғы сотталған азамат.
Ал Қуат Рахимбердин барлық жабық мекемелердің жұмыс тәжірибесін түбегейлі өзгерту қажет деп санайды.
«Қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану тым көп. Уақытша ұстау изоляторлары жауапты органдар тарапынан толық бақылауға алынуы керек – камералар тексеріліп, мекеме ашық түрде қадағалану тиіс», — деді ол.
Вадим Курмашин тағы бір шешім ұсынды.
«Барлық сотталғандарға тең жағдай жасау. Тұтқын телефонға, тамаққа, кездесуге, тіпті оны ұрмасын деп ақша төлемеуі керек. Ол өзінің жазасын заң бойынша өтеуі тиіс. Оның жалғыз ғана жазасы – бостандығынан айырылу болуы керек, ал оған жасанды түрде азап көрсетуге болмайды. Оларды туыстарымен кездесу құқығынан айыруға болмайды. Қызметкерлер тұтқындардан ақша талап етпеуі керек. Біз түрме жағдайын өркениетті елдердің нормасына жеткізбейінше, Шерзат Болатты өлтірді деген күдікпен қамалғандармен болған оқиға секілді жағдайлар қайталана береді», – дейді құқық қорғаушы.
Қылмыстық ортадағы «общак» түсінігі
Расымен де, қылмыстық-атқару жүйесінде айналып жатқан ақша өте ауқымды. Orda.kz редакциясының мәліметінше, Алматы облысындағы түзеу мекемелерінен 5,2 миллиард теңгені құрайтын “воровской общак” анықталған. Бұл шағын қаланың бір жылдық бюджетіне тең қаражат.
2023 жылдың желтоқсанында сотталғандарды түрме ішінде де, сыртында да қаржылай қолдап келген тұлғалардың заңсыз әрекеттері әшкереленген болатын.
“Общак” – қылмыстық ортадағы өзара көмек қоры. Ол ертеден қалыптасқан ұғым, ХХ ғасырдың басына дейін де болған. Екі түрі бар: бостандықтағы және қамаудағы. Қылмыстық дәстүрге сай, оған қаржы салу ерікті түрде болуы тиіс. Алайда іс жүзінде бұл шарт әрқашан орындала бермейді. Қорды “вор в законе”, “положенец” немесе “смотрящий” сияқты қылмыстық беделге ие тұлғалар басқарады. Қор ережесін бұзғандарды қауымдастық қатаң жазалайды.
Кейбіреулер түрмеде есірткі, арақ, “шөп” деген тек кинофильмдерде болады деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл біздің шындық. Тұтқындар азық-түлік, темекі, ішімдік пен есірткі ғана емес, Алматы облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлерін де сатып алып отырған.
Олардың ата-аналары, бауырлары, әйелдері мен балалары –ұрылардың қорын банк қосымшалары арқылы толықтырып отырған. Түрмеде отырған адамдар уақыттарын текке жоғалтпайды. Олар қордағы ақшаларына құмар ойын ойнап, бәс тігіп, тіпті инвестиция салып, криптовалюта сатып алып, сатумен айналысады.
Реформа мүмкін бе?
Жуырда Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке Абай Қайырбеков келіп, сонымен қатар ІІМ вице-министрі қызметін де қатар атқара бастады. Бұған дейін бұл екі лауазымды ешкім біріктіріп көрмеген. Жаңа басшы шіріген жүйені өзгерте алады ма, әлде бұл қатып қалған заңдылық па? Оны уақыт көрсетеді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру