АҚШ президенті Дональд Трамп қызметінің алғашқы 100 күнінен кейін соңғы 80 жылдағы ең төмен қолдау рейтингіне ие болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Abc News-ке сілтеме жасап.
18-22 сәуір аралығында жүргізілген сауалнамаға 2464 ересек азамат қатысқан. Нәтижесінде, респонденттердің 39 пайызы Трамптың жұмысын қолдайтынын, ал 55 пайызы қолдамайтынын білдірген.
Наразылықтың басты себептері ретінде Трамптың саяси бастамалары мен экономикалық рецессия қаупі көрсетілген. Сауалнама нәтижесінде респонденттердің 73 пайызы экономиканы нашар жағдайда деп бағаласа, 53 пайызы жағдай Трамп келгеннен бері нашарлағанын айтқан. Ал 41 пайызы өздерінің қаржылық ахуалы да төмендегенін мәлімдеген.
Кедендік тарифтер туралы Трамптың саясатына сауалнамаға қатысқандардың 71 пайызы теріс көзқарас танытып, оның инфляцияны үдететінін айтқан. Тек 31 пайызы ғана тарифтердің ұзақ мерзімді пайдасы болатынына сенетінін білдірген.
Сонымен қатар, америкалықтардың 57-67 пайызы Трамптың қор нарығы, тариф саясаты, сыртқы саясат және жалпы экономикалық жағдай бойынша әрекеттерін қолдамаған.
Айта кетейік, 2 сәуірде Трамп әлемнің 185 еліне, оның ішінде Қазақстанға да қатысты өзара кедендік баж салығын енгізген еді. Бұл шешім әлемдік нарықтарға кері әсер етіп, биржалық индекстер мен компания акцияларының құлдырауына, мұнай мен металл бағасының төмендеуіне және криптовалюталардың арзандауына алып келді. Кейін 10 сәуірде Трамп тарифтерді 90 күнге тоқтатты, себебін “нарықтағы дүрбелең мен адамдардың алаңдаушылығы” деп түсіндірді.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру