Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында «Daewoo Nexia» мен «КамАЗ 54105» жүк көлігінің қатысуымен болған жол апатынан екі адам қаза тауып, үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ozgeris.info Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға 25 қыркүйек күні Аққайың ауданының Ленинское ауылы маңында Астана – Петропавл автожолының 435-шақырымында болған.
«Daewoo Nexia» жеңіл көлігі мен КамАЗ жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 40 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі мен 39 жастағы жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
«17, 19 және 62 жастағы үш жолаушы әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция қызметкерлері сараптамалар жүргізу және оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін материалдар жинап жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», — делінген хабарламада.
ПІКІР ЖАЗУ