Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының алдында анимация саласының мамандары жиналып, басшылықтан қорлық көргенін айтты.
Жиналғандардың сөзінше, студияның уақытша басшысы Айдар Омаров анимациялық бөлімді Астанаға көшіру туралы шешімді қызметкерлерге ескертпестен қабылдап жіберген. Ал аниматорларды «Қазақфильм» аумағына мүлде кіргізбей қойған. Ерлан Төлеутай оқиға орнынан бейне жариялады.
«Әрине, мұның артында Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондағы «қой терісін жамылып», «құпия» кеңесші боп отырған лобби топтардың белсенді өкілдерінің тұрғандығы белгілі. Мақсат айқын: олар Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмді» осылай аяусыз әрі алаяқтықпен бөлшектеу арқылы киностудияның түбіне жетіп тынбақ. Өйткені «Қазақфильмнің» жерін сатпақшы болып жүрген қылмыстық топқа осы «Қазақанимация» ұжымы бірнеше жылдан бері қатты қарсылық көрсетумен келеді. Енді он ойланып, мың толғанған бұл лобби топтар алынбас қамалға айналған Анимация бекінісін алудың амалын тапқандай – ата жаулары «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін Алматыдан жер аудару арқылы жойып жібермек.
Мен бұл афёраны – ХХI ғасырдағы қазақ кино өнеріне жасалған ең ауыр қастандық һәм ең ел мәдениетіндегі адам айтқысыз сипатқа ие алаяқтық деп бағалаймын. Мұның артында қазақ сәбилерін рухани ашаршылыққа ұшырату саясаты жатыр. Бұлар ақпарат құралдары арқылы қазақты қайта орыстандыруға Кремльден тапсырма алды және соны жүзеге асыруға белсене әрі астыртын кірісті деп еді, рас болғаны ма, ағайын, әйтпесе мынау не сұмдық!
Біз киногерлер, бұл сұмдыққа көнбейміз әрі айыптаймыз және жан аямай күресеміз! Қазақтың тұңғыш мультипликация режиссері, ұлы аниматор Әмен Қайдаров осыдан 57 жыл бұрын құрған анимациялық кино өнерінің қара шаңырағын құлатпаймыз! Сол үшін де «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін жер аудартпаймыз және аниматорларды қорлап жазалаудың ақымақтық һәм сорақы, қорлық шарасы – мұндай каторгыға айдалып масқара болмас үшін өліспей беріспейміз! Қолдаңыздар бізді, осынау мәдени майданда! Егер қазақ рухы мәдени майданда жеңіліс тапса, саяси-экономикалық, әлеуметтік ең бастысы Мемлекетті сақтау мұраты жолындағы майдандардың барлығында жеңілмек және бұл Тәуелсіздіктің ақыры болмақ», — деп жазды ол.
Кеше «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің ұжымы, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының уақытша басшысы Айдар Омаровтан «Қазақанимация» ШБ Астана қаласына жер аударуға не себептен шұғыл шешім қабылдағанын және де басқа да өзекті мәселелерге түсінік беруін талап етіп әрі ол сауалдарымызға жауап алмаққа барды.
«Алайда Айдар Омаров өзінің охран бастығы арқылы бізді қабылдамай алмайтынын, қабылдау үшін «приёмға жазылу» керектігін айтып, түлкібұлаңға салумен болды. Осылайша екі жарым сағат бойы күткізіп қойды. Бойын суық алған 70-80-дегі қарияларымыз тоңа бастады. Бұл жағдайдың барлығын кабинетіндегі камерасынан қарап, бағып, біліп отырған Омаровты тап бір жауыз ба дерсің, міз бағар болмады, жаттанды сөзін айтып, екі ортаға охран бастығын жүгіртіп қойып, өзі түлкібұлаңдатып беймарал отыра берді. Екі жарым сағат бойы.
Дегенмен, Айдаров түлкі болса, біз тазы болып шалып ИО-ны иінінен басып, адымын аштырмадық. Шынында да бізге А.Омаровқа жолықпай кетпеуге болмайтын еді. Өйткені көнге қазақ анимациялық кино өнерінің атасы – Әмен Қайдаров негізін қалаған 57 жылдық тарихы бар қазақ анимациясының тағдыры тігілген-ді. А.Омаров болса, ұлт анимациясының осынау қара шаңырағын асқан арсыздықпен әрі ешқандай жауапкершіліксіз жер аудармақ. Және бұл шешімді Министерство емес, бір өзі жеке қабылдаған. Ондағы ойы да оспадар – осылай істеу арқылы «Қазақанимациясының» түбіне жетіп кетпек. Осылайша ИО Омаров иегіміздің астында отырып, бізді яғни «Қазақанимация» ұйымын ит қылып кетпекке әрекеттенген екен. Үстінен түстік әрі дереу алдын алдық», — деп шүйлікті ол.
Ендігі үміт кеше ғана ҚР Президентінің ішкі саясат мәселері және коммуникациялары жөніндегі көмекшісі болып тағайындалған Арман Қырықбаев мырзада. Үкімет те, министрлік те үнсіз жатыр.
«Мәжіліс депутаттары – қайдасыңдар? Араша! Бізді бандиттерден құтқарыңыздар», — деді ол.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру