Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданындағы Төрткөл ауылында тұрғындар шенеуніктер арнайы бөлген сарайдың ауру мал өліктеріне толып, шіріп жатқанына наразылық білдірді. Айтуларынша тиісті органдар төрт түліктің қандай аурудан өлгенін әлі айтпай отыр. Онымен қоса бір сарайға қамалған ауру малдардың өлігі шірігенше қаралмай жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Бұл ауылда жылқылар белгісіз аурумен ауырған. «Бұқар Жырау ауданының ветеринариялық станциясы» мемлекеттік кәсіпорнының мамандары ауыл тұрғынының сарайын арнайы изолятор етіп, барлық ауру мал осы сарайда оқшауланатынын айтқан, деп жазады “Патриот”.
«Сарай жалға емес, тегін алынды. Біз үндемедік. Шенеуніктер келуге, малды тексеруге уәде берді. Бірақ іс жүзінде олар бізге ұзақ уақыттан бері келмеді. Жақында малдан сынақ алған. Алайда одан кейін хабарсыз кетті. Оар малдың немен ауырғанын, диагнозын айтпай отыр. Біз ветеринарларға бірнеше рет диагноз қоюды, жазбаша қорытынды беруді сұрадық. Бірақ шенеуніктердің ешқайсысы келген жоқ. Міне, олар изолятор ретінде тағайындаған осы сарайда тағы да ат өлді. Шенеуніктер жетем дегенше жылқы өлігі қаңқаға айналды. Сарайды құрттар, паразиттер мен сасық иіс жайлаған. Фермамда тек екі сарайым бар. Бұл сарай маған пайдалануға керек!»- деді ауыл тұрғыны Мәдениет.
Бұған дейін өңірдің Ветеринариялық бақылау басқармасы жұқпалы лимфангитпен ауырған жылқылардың өлігі үшін мемлекеттен өтемақы төленетінін хабарлаған екен. Ауыл тұрғындары мамандар диагнозды атамау үшін және осылайша өтемақы төлемеу үшін уақытты саналы түрде созып жүр деп күдіктенеді.
Олар ақпан-наурыз айларында тараған жұқпалы лимфангиттен жылқыларынан айырылғаны үшін әлі ақша алмағанын айтады.
Кейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкіміне, сондай-ақ ветеринариялық бақылау басқармасының бастығы мен ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына ауылға барып, заңға сәйкес барлығын шешуді тапсырды.
ПІКІР ЖАЗУ