Еліміздегі азық-түлік инфляциясы жыл басынан бері күтпеген жерден шарықтады. 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы 5%-ға өскен. Оның ішінде 4,2 пайыздық өсім соңғы үш айдың көрсеткіші. Оzgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірін зерделеп, халықтың өмір сүру сапасы қалай өзгеріп жатыр деген сұраққа жауап іздеді.
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Ален Серіктің айтуынша, инфляция қайта оралып қана қойған жоқ, керісінше күн жылынғанға дейін үдей түскен.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бұл негізгі азық-түлік себеті. Яғни қарапайым халық үшін қолжетімді болуы тиіс өнімдер. Себетте картоп, қырыққабат, ет, май, нан, күріш, ұн, жұмыртқа және басқа да ең қажетті тауарлар жинақталады. Аталмыш өнімдердің қымбаттауы жай ғана «статистика» емес, түгел отбасының күнделікті бюджетіне ауыр соққы салатын шынайы мәселе», — дейді сарапшы.
2025 жылдың басынан бері көкөніс пен ет қатты қымбаттады. Бағасы шарықтаған өнімдер қатарына сондай-ақ қырыққабат – +30,4%, картоп – +24,2%, сиыр еті – +10,9%, күнбағыс майы – +7,3% кіреді.
Өткен жылмен салыстырғанда картоптың бағасы рекорд орнатты: +67,2%. Бұл үрдіс сарапшыларды алаңдатып отыр, өйткені көкөністер халықтың күнделікті тағам рационының негізін құрайды.
Дегенмен бағасы кішкене арзандаған тауарлар да бар.
- Күріш – -4%
- Жұмыртқа – -2,8%
- Ұн – -1,3%
Сарапшылар кейбір позиция бойынша бағаның төмендегені тек уақытша түзету деп қарастырған дұрыс дейді. Себебі кейбір өңірлерде қымбатшылық әлі сақталып отыр. Мысалы, Қонаев қаласында он жұмыртқаның бағасы 611 теңгені құрайды.
Бұл ретте сарапшылар өңірлер бойынша өсімді де атап өтті.
- Жезқазғанда жалпы өсім – 7,1%, картоп 45%-ға қымбаттап, еліміздегі ең қымбат бағаға жеткен – 352 теңге/кг.
- Көкшетауда картоп 53%-ға қымбаттады, ал ӘМАТ бағасының жалпы өсімі – 6,1%.
- Талдықорғанда қырыққабат 38,6%-ға қымбаттап, жалпы баға өсімі 5,8%-ды құрады.
«Өңірлер арасындағы баға айырмашылығы күшейіп барады. Сондықтан билік бағаларды бақылауға алып қана қоймай, жедел шараларды қабылдауы керек», — дейді сарапшы.
Төмендегі өңірлерде кейбір тауарлардың бағасы рекордтық деңгейге жеткен.
- Ақтауда ұн – 315 теңге/кг.
- Жезқазғанда нан – 258 теңге.
- Қонаевта күнбағыс майы – 876 теңге/литр, он жұмыртқа – 611 теңге.
- Ақтауда сиыр еті – 3 225 теңге/кг.
- Өскеменде қант – 451 теңге/кг.
Бір тауардың бағасы әр өңірде түрлі бағада сатылуы үлкен мәселе дейді экономист.
«Демек логистика мен жабдықтау мәселесі ақсап тұр, сәйкесінше жергілікті нарық өз заңдарымен жұмыс істеп келеді деген сөз»,- деді Ален Серік.
Күнделікті қажетті азық-түлік өнімдерінің күн сайын шарықтауы жай ғана макроэкономикалық көрсеткіш емес. Бұл миллиондаған қазақстандықтардың шынайы өмірі. Азық-түлік инфляциясы ең ауыр инфляцияның түрі, себебі халықтың тұрмыс сапасына әсер етіп қана қоймай, табысының жартысынан көбін жейді.
«Егер инфляция қазіргі қарқынмен жалғаса беретін болса, ал билік тиісті шараларды уақытылы қабылдамаса, әлеуметтік шиеленіс күшейе түседі. Сондықтан азық-түлік бағасы тек экономикалық баяндамаларда ғана емес, әлеуметтік тұрақтылық, халық денсаулығы және азық-түлікке қолжетімділік тұрғысынан да талқылануы қажет», — дейді сарапшы.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауарлары бір ай ішінде 2022 жылдан бергі ең жоғары қарқынмен қымбаттаған.
Қазіргі азық-түлік инфляциясының айлық қарқыны 2022 жылғы желтоқсаннан бері ең жоғары болып отыр, ол кезде де 1,6% тіркелген. Егер тек наурыз айларының көрсеткіштерін алып қарасақ, онда соңғы 15 жыл ішінде бұдан жоғары өсім тек екі рет – 2020 және 2022 жылдары тіркелген.
Жылдық инфляция қайтадан екі таңбалы санға жетіп, 2023 жылдың қарашасынан бері алғаш рет 10,0%-ды құрады (техникалық тұрғыдан алғанда, нақты көрсеткіш 9,978%, бірақ бұл жағдайды өзгерте қоймайды). Азық-түлік инфляциясы жылдық есепте 7,6%-ды, азық-түлік емес тауарлар 9,1%-ды, ал ақылы қызметтер 14,3%-ды құрады.
Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылға арналған инфляция болжамын түзетіп, оны 10-12% деңгейінде күтетінін мәлімдеді. Жоғарыдағы болжамға әсер еткен негізгі факторлар – сыртқы инфляциялық қысымның күшеюі, жанар-жағармайдың қымбаттауы, қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесінің артуы, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы реформалардың жалғасуы дейді сарапшылар.
Жалпы, азық-түлік бағасының күрт өсуі Қазақстан халқының өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етуде, әсіресе қымбаттаған тауарлардың көпшілігін халық күнделікті тұтынатынын ескерсек.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру