Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған адамның әйеліне тиіскені рас па? — полиция мәлімдеме жасады

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұған дейін кейбір ақпарат көздерінде шабуыл себебі ретінде күдіктінің әйелімен байланысты қызғаныш жайлы нұсқа тараған болатын. Осыған байланысты Шымкент полициясы мәлімдеме жасады.

«Қазір әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында әкім орынбасарына жасалған шабуылдың себебі ретінде оның күдіктінің жұбайына тиіскені туралы жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Қылмыс жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», — деп хабарлады Шымкент полиция департаменті.

Күдіктінің жұбайы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қастандық жасаған ер адамның жұбайы Руслан Берденовты танымайтынын және онымен ешқашан байланыста болмағанын айтты.

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмагұлова әлеуметтік желіде тараған күдіктінің әйелі мен Руслан Берденов арасындағы жақын қарым-қатынасқа қатысты нұсқаларға жауап берді.

«Жаңа ғана полиция департаментінде күдіктінің жұбайымен сөйлестім. Әйел адам куәлік беру үшін келген. Оның айтуынша, ол Руслан Берденовты мүлде танымайды, ешқашан сөйлесіп те көрмеген», — деп жазды Жұмагұлова.

Алдын ала болжам бойынша, оқиға тұрмыстық сипаттағы жанжалдан туындаған. Күдікті — 1994 жылы туған азамат, Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты бір серіктестікте жұмыс істеген. Ол Руслан Берденовтың қарамағында болып, жуырда ғана қызметінен босатылған.