«Әруақты атаудың дінге еш қайшылығы жоқ». Этнограф-тарихшылар бас мүфтидің айтқанына пікір білдірді

Таяуда елімізде алғаш рет бата беруден байқау өтті. Жарысқа еліміздің 17 облысынан және 3 ірі қаласынан жиналған 20 ақсақал қатысып, батасөз жарысымен додаға түсті, деп жазады «Адырна» тілшісі.

Басты талап – батаның мәні және оқып жатқан кезде кідіріп қалмау. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бата бергенде «Аруақ қолдасын», «аруақ жебесін» деген сөзді қолданбау керектігін ескертіп, бата «Фатиха» сүресімен басталуы қажет деп пікір білдірді.

Аллаға серік қоспау, Аллаға сыйыну, Алладан сұрау – негізгі шарттардың бірі. Мұсылман халқы болғандықтан тілегімізді бір Аллаға сыйынып, бата береміз. Кәрі мұсылман, тақуа жандардың тілегі қабыл болады.

Бата сөзінің ғылыми негізі «Фатиха» деген сөзден шыққан. «Фатиха» сүресі Құранның алғашқы сүресі екенін білеміз», – деді бас мүфти.

Мүфтидің айтқанына түрліше пікір қалдырушылар қатары көбейді. Бірі атасөзімізде «әруақ» деп айту бұрыннан бар, онда тұрған ештеңе жоқ десе, енді бірі қолдауда.

«Адырна» редакциясы осыған қатысты мәдениеттанушы, журналист Бағдат Мүптекеқызының пікірін сұрап білді:

«Ежелден ұлтымызда «әруақты жерден ат үркеді» деген сөз бар. Бұл бекер емес. Әруаққа сыйынбаса, әруақтың мықтылығы болмаса, ол кісілердің басына барып неге ғибадат етеміз? Қаншама елімізге қорған болған батырларымыз, әулиелеріміз бар. Оның бәрін ысырып тастай алмаймыз. Қазақтар Ислам діні келмей тұрып Тәңірге табынып, сенімдері табиғатқа байланысты болған. Қазақ ешқашан өз ата-бабасын ұмыт қалдырған емес. Ол да Алланың жаратқан пендесі. Оларды ұмытпауымыз тиіс. Сондықтан «қолдасын», «қорғасын» деп айтқанбыз, айта береміз де» деді ол.

Сонымен қатар, діни басқарманың ұйымдастырған байқауына қатысты «әдет-ғұрыптан аттамауымыз керек» деп сөзін жалғады:

«Қазақтың наным-сенімінен, әдет-ғұрыпынан алыстамайтын болсақ әрине мұндай шараларды қолдауға болады. Бірақ арабтан келген теріс ұғыммен, сенімімізді матап, байлап тастар болса оның керегі жоқ. Қазақ өзі туғаннан мұсылман. Исламның қазақтан ешқандай қашықтығы жоқ. «Діншіл молда дін бұзар» дегендей, асыра діншілдердің кесірінен елімізде түрлі мәселелер болып жатыр. Кабинетінде отырып алмай, халыққа дұрысынан үгіт-насихат жүргізсін. Елімізде туризмді дамытамыз дейміз, бірақ қазір ауыл-ауыл аймақтардың көпшілік жерінде күмбезделген молалар көп. Ауқымды жерлерді алып жатыр. Осыған қатысты діни басқарма өркениетті елдер секілді ана дүниедегі сарайдың салынуында астамшылық болмауын қадағалап, пәтуа шығарса деймін. Далаға шықсаң моладан көз аша алмайсың» деп пікір білдірді этнограф.

Астана қаласында өткен байқауға түрлі филолог, ғалымдар қазылық етті. Олар абыз-ақсақалдарымыздың айтқан баталарының мәні мен мазмұнына, жеткізілуіне мән берді. Жарысқа қазылық еткен филолог Серік Негимовтен де талқыға түскен тақырыпқа қатысты ойын сұрадық. Алайда мүфтидің айтқанына туралы қойған нақты сауалымызға Серік Негимов нақты жауап бермеді.

«Ұлтымыздың ой байлығы, парасат байлығы — батасөз. Ақсақалдардың сөйлеу мәдениетін, ойлау мәдениетін меңгергендігі мен сауаттылығына баға бердік. Сөз деген дұға. Айтылған әрбір тілек ниеттің дұрыс бағдарлануын ұғуымыз қажет. Сондықтан қазақтың батасөздерінің мәні біз үшін ерекше» деп пікір білдірді ол.

Наурызбай Қажының айтқанын желі қолданушылары да қалыс қалдырмады. Талқыға салып, өз ойларын жариялауда. Тарихшы Амантай Исин «әруақты атау дінге еш қайшылығы жоқ» деп жазды Facebook парақшасында:

«Әруақтардың есімдері жазылған хатым қағазды хатым түсіріп, дұға қылғанда оқиды ғой молдалар. Кітапқа сүйеніп айтса — айтсын. Дін иесінікі де дұрыс, әруаққа жалбарынған адамдікі де жөн. Одан ол мұсылман болмай қалмайды. Ауызда кәлима болса жетеді. Мұсылманбыз. Түркілік, қазақтық таным да бар ішінде. Ешқандай бір дін мәселесіне қатысты келіспеушілік не шиеленісті көріп тұрған жоқпын. Бәрі жарасымды. Халық өзі таным және сенім тезінен өткізген. Қазақтықты дінімізге қарама-қарсы қоюға немесе дінімізді қарсы қоюға жол жоқ. Баяғыда бабаларымыз байыбына барған, үйлестірген, діни немесе ұлттық фанатизмді құптамаған, ғұламалар халыққа кеңдік жасаған. Бәрі діншіл бола алмайды, бірақ бәріміз мұсылмандықты, дінімізді қастерлеуге тиіспіз. Дін иелері айтса айтады, олардікі жоғары талап, дін биігі. Қара халық ілесе де алмайды, бірақ өз дінінен бөлініп кетпейді, кетсе — ол қате жол, әркімдер бұрыс жолына астамсып, мақтанатындай емес ол» делінген жазбада.

Айта кетейік, Республикалық бата беру байқауы алдағы уақытта дәстүрге айналып тағы да ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚМДБ мәлімдеді.

Қазылар алқасының шешімімен шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беру, дауыс ырғағы, киім үлгісі, қосымша сұрақтарға жауап беру талаптары бойынша үздік деп танылған ақсақал Балтабай Сыздықов (Павлодар облысы) 1-орынды жеңіп алды. 2-орын Серікбек Балқыбекұлына (Жетісу облысы) және 3-орын Шахан Тұрсынханов (Абай облысы) ақсақалға бұйырды. Сонымен қатар Жұмабай Тәжібаев (Алматы қаласы), Самиғолла Машаев (Атырау облысы) пен Дәріқұл Махамбетовке (Қызылорда облысы) ынталандыру сыйлығы және барлық қатысушы ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді.

Ozgeris.info

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы