Ресей құрамындағы Орынбор облысында бала туу төмендеп, өлім-жітім керісінше, күрт өскен. Бұл туралы Usbanov Telegram арнасы жазды.
Салдарынан осы екі көрсеткіш арасындағы айырма, яғни, орынборлықтардың табиғи шығыны «минус 9 мың адамнан» асқан.
«Орынбор облысы халқының табиғи кемуі 2024-жылғы 10 айда 9 040 адамға жетті. Өлкеде туу құлдырады, өлім-жітім ұлғайды. 2024 жылғы қаңтар-қазанда 13 002 бөбек қана дүние есігін ашқан. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде тағы -3,7% кеміді», – деп жазды жергілікті БАҚ.
Бір ғасыр бұрын, 1919-жылы 10-шілдеден 1925-жылғы 16-шілдеге дейін Орынбордың Қазақстанның астанасы болғаны тарихтан белгілі. Орынбор алдымен 1919-жылы Қырғыз (қазақ) өлкесінің бас қаласы болды. 1920-жылы 26-тамызда соның негізінде Қазақ АКСР-і (Қазақстан республикасы) құрылды, оның астанасы 1925-жылдың соңына дейін Орынбор болды.
Қазіргі кезде Орынбор облысында 1 828 692 адам ғана қалған. Салыстырсақ, 2001-жылы облыс тұрғындарының саны 2 203 616 болды. Ширек ғасыр ішінде үздіксіз азайып барады.
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру