Қызылордада туберкулездің ашық түрімен ауырған балаларды емдеген медицина қызметкерлері өз құқықтарын қорғауда тығырыққа тірелді. Денсаулыққа аса қауіпті аурумен күнделікті жұмыс істеген ақ халаттыларға міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы мүлдем төленбеген. Ал тиісті өтемақыны талап етпек болғанда, олардың жұмысының зияндылығы ресми түрде дәлелденбегені анықталған.
Жұмыс істеп жүріп ауруға шалдыққандар
Былтыр жабылып қалған облыстық туберкулезге қарсы балалар шипажайының бұрынғы қызметкерлері бұл мәселемен бетпе-бет келді. Олар жылдар бойы қауіпті індетке шалдыққан жасөспірімдерді емдеп, инфекциядан сақтану үшін түрлі химиялық қоспалармен жұмыс істеген. Соған қарамастан, зейнетақы қорына 5%-дық жарна аударылмаған.
«Біздің маңдай теріміз, еңбегіміз зая кетті. Егер за вредность 5 пайыз төленгенде, ең болмағанда қандай да бір кепілдік болар еді. Бірақ қазір денсаулығым сыр берді, хлормен ұзақ жұмыс істегеннен кейін бронхитпен ауырамын. Екі күннің бірінде жедел жәрдем шақыруға мәжбүрмін.», дейді шипажайдың бұрынғы қызметкері Бағдагүл Сыдықова.
Кейбір дәрігерлер, тіпті, өздері де өкпе дертіне шалдығып отыр. Айтуларынша, барлық сақтық шараларын орындағанымен, жұмыс барысында үш медицина қызметкері туберкулез жұқтырып алған.
Шенеуніктер үнсіз бе?
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бұл мәселені олар емдеу мекемесі жабылып, жұмыстан босатылғаннан кейін ғана білген. Ал денсаулық сақтау басқармасы мәселені шешу үшін арнайы аттестация қажет екенін алға тартып отыр.
«Қызметкерлердің жарна төлейтін тізімге жататынын анықтау үшін аттестация жүргізу керек. Егер аттестация қорытындысы олардың жұмысы зиянды деп таныса, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз.», деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерділдә Нұртазаұлы.
Алайда, дәрігерлер бұл тек уақыт созу ғана деп есептейді. Себебі, олар жылдар бойы денсаулықтарына айтарлықтай зиян келгенін дәлелдей алмай жүр. Жылдар бойы ауыр дертпен күрескен ақ халаттылар енді зейнетақы жарнасы төленбегендіктен, мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығынан да айырылып отыр. Денсаулығына байланысты жұмыс таба алмай жүрген мамандар әділдік сұрап, Денсаулық сақтау министрлігінен көмек күтіп отыр.
ПІКІР ЖАЗУ