Қытай «сауда соғысы» аясында Қазақстанның қолдауын іздеуде

Фото: ашық дереккөз

Қытай делегациясы, құрамында ірі мұнай-газ компанияларының басшылары бар өкілдер, АҚШ-пен «сауда соғысы» аясында қабылданған шаралардан бірнеше сағат өткен соң Қазақстанға сапармен келді, деп хабарлайды Orda.kz.

South China Morning Post басылымының жазуынша, Қытай АҚШ-тан келетін энергия ресурстары импортына жаңа тарифтер енгізді. Бұл – Дональд Трамп әкімшілігі қабылдаған шараларға жауап ретінде жасалған қадам.

Осыдан кейін Қытайдың мұнай-газ саласының өкілдері Қазақстанға ұшып келіп, «жаңа сауда мүмкіндіктерін зерттеуге» кірісті. Делегация мүшелері – құрамына 30-дан астам компания кіретін «Қытайдың халықаралық сауданы ілгерілету кеңесінің» өкілдері.

10 ақпан, дүйсенбі күні Қытай АҚШ-тан көмір мен сұйытылған газды қоса алғанда, сегіз түрлі өнімнің импорттық баж салығын 15%-ға көтерді. Бұдан бөлек, 72 тауарға, соның ішінде шикі мұнай мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын кедендік салық 10%-ға артты. Бұл – Вашингтонның Қытай импортына енгізген 10%-дық тарифтеріне жауабы.

Қытай Латын Америкасы мен Таяу Шығыс елдерімен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуды жоспарлап отыр. Дегенмен импорттық тарифтерді көтергеннен кейінгі алғашқы сапар дәл Қазақстанға бағытталды.

«Әлемдегі ең ірі энергия ресурстары импорттаушысы ретінде Қытай өз жеткізілім көздерін әртараптандырып, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Ал Қазақстан – Қытайға табиғи газ жеткізетін негізгі елдердің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2024 жылы 43,8 млрд долларға жетіп, жылдық өсім 6,8%-ды құрады», – деп жазады South China Morning Post.