Қаңтардағы ҰБТ-да талапкерлер сұрақтардың 32%-ына ғана дұрыс жауап берді

Қаңтардағы ҰБТ-да физика пәнін таңдаған талапкерлер сұрақтардың  32%-ына ғана дұрыс жауап берді.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, қаңтар айындағы ҰБТ-ға 164 мың адам қатысқан. Олардың 70,3%-ы шекті баллдан өткен. Орташа балл – 65, ал ең жоғары балл – 139 болыпты.

Талапкерлер арасында ең көп таңдалған пәндер – «Математика-Физика» (17,5%). Бірақ, физика бойынша қойылған сұрақтардың 67%-дан астамына дұрыс жауап берілмеген. Ең қиын тақырып электромагниттік индукция болған. Талапкерлер жоғары нәтижені «Оқу сауаттылығы» пәні бойынша көрсетіп, 75,4%-ды құрады.

Тестілеу барысында бақылаушылар 197 тәртіп бұзушылық анықтаған. 101 талапкер смартфон мен шпаргалка алып кіруге тырысқаны үшін аудиториядан шығарылды. Ал тағы 96 талапкер емтихан кезінде ережені бұзған. Үміткерлердің орнына басқа адамдардың тест тапсыру фактілері тіркелмеген.

Емтихан тапсырған талапкерлерден 14 мың апелляциялық өтініш түскен, олардың тек 10-ы қанағаттандырылды.